«Қазанат» ипподромында «Алтын жебе» турнирі жалауын желбіретті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазанат» ипподромында «Алтын жебе» турнирі жалауын желбіретті

30.08.2018

Конституция мерекесіне орай Астана қаласында ұлттық спорт түрлерінен байрақты бәсеке өтуде. «Қазанат» ипподромында дәстүрлі садақ атудан екінші халықаралық «Алтын жебе» турнирі жалауын желбіретті. Ат үстіндегі мергендердің жарысына 11 елдің үздіктері қатысуда. Олар үш кезең бойынша бақ сынап, жүлде қоры 4 миллион теңге болатын бәйгені сарапқа салып жатыр. Үздік сұрмергендер ертеңгі сайыстан соң белгілі болады.  

Рахат Жақсыбай,  ҚР Ұлттық спорт  қауымдастығының атқарушы директоры:

- Биылғы жарыстың бір ерекшелігі, үш кезеңнен өткізіп жатырмыз. Бірінші кезең азиялық, екінші кезең түркі стилі, үшіншісі ол біздің кәдімгі жамбы атуымыз. Біз оны қазақы стиль деп атадық.

Сондай-ақ, мұнда «Ұлы дала рухы»  республикалық фестивалінің солтүстік аймақтық іріктеу жарыстары өтіп жатыр. Бүгін ұлттық спортты ұлықтаған ұландар жамбы ату және теңге ілу бойынша жеңімпазды анықтайды. Ал, ертең білекті жігіттер аударыспақта күш сынасса, жүйрік тұлпарлар бәйгеде сыналмақ. 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу