Хоккей жұлдыздары Астанаға келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Хоккей жұлдыздары Астанаға келеді

26.12.2017

2018 жылы Астанадағы «Жұлдыздар матчына» қатысатын хоккейшілер анықталды. 44 ойыншының 16-сын Құрлықтық хоккей лигасының мамандары іріктесе, 12-не журналистер таңдау жасады. Қалған 16-сына жанкүйерлер дауыс берген. Шайба шеберлері 10-ы мен 14-ші қаңтар аралығында «Барыс-Аренада» бақ сынайды.

Жұлдыздар жарысы өтетін алаңға он екі мың жанкүйер еркін сыяды. Мұздың сапасын астаналық «Барыстың» батырлары сынақтан өткізіп жатыр. Бұл айдында алдымен, яғни, оныншы қаңтарда әйелдер лигасының үздіктері өнер көрсетсе, ертеңінде жастар лигасының жұлдыздары шайба үшін шайқасқа шығады. «Шығыс» және «Батыс» болып ойнайтын команданың қай жеңгені «Жекпе-жек» кубогының иегері атанады.

Арман Нұрымбетов, «Барыс» ХК Маркетинг департаментінің директоры:

- Бүгінгі күні Астана «жұлдыздар матчын» қабылдауға 90 пайыз дайын. Қазір мастер-шоуға қажетті құрал-жабдықтарды күтіп отырмыз. Ол Мәскеуден қаңтардың 2-не дейін жеткізіледі. Оларды құруға 2-3 күн уақыт кетеді. Шамамен қаңтардың 7-сі күні 100 пайыз дайын боламыз.

Мұз үстіндегі нағыз айқас қаңтардың 14 күні сағат 13:00-де басталады. Құрлықтық хоккей лигасының халық таңдаған 44 мықтысы 4 командаға бөлініп, турнир жеңімпазын анықтайды. Жұлдыздардың қатарында Сергей Мозякин, Илья Ковальчук сияқты әлем таныған спортшылар бар. Ал, астаналық «Барыстан» Кевин Даллмэн, Найджел Доус және  Линден Вей алаңға шығады.

Линден Вей, «Барыс» ХК шабуылшысы:

-  «Жұлдыздар матчына» «Барыс» командасынан бірден үш ойыншының өткені мені ерекше қуантады. Даллмэн мен Доус аталған турнирге бұған дейін де бірнеше рет қатысқан тәжірибелі ойыншылар. Астаналықтар «Барыстың» осы үштігіне ерекше жанкүйер болатына сенемін және сол сенімді ақтауға тырысамыз.

Айта өтейік, жұздыздар ойыны 10-ы мен 14-ші қаңтар аралығында «Барыс-Аренада» өтеді. Билеттерді аталған спорт кешенінің кассасынан және касса.кз сайтынан алуға болады.

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу