Алексей Ни: Бір ғана нәрсе айқын - әлдекімдерге Олимпиада тарихын қайта жазып шығу керек болған сияқты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алексей Ни: Бір ғана нәрсе айқын - әлдекімдерге Олимпиада тарихын қайта жазып шығу керек болған сияқты

01.11.2016
Алексей Ни: Бір ғана нәрсе айқын - әлдекімдерге Олимпиада тарихын қайта жазып шығу керек болған сияқты

Өткен аптаның соңында допинг дүрмегіне іліккен ауыр атлеттерімізге қатысты тағы бір шешім қабылданды. Бұл жолы біздің біраздан бері көңілімізді күпті етіп келген күдігіміз шынға айналып, Халықаралық олимпиа­да комитеті (ХОК) Лондон Олимпиадасында чемпион атанған Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова секілді үш бірдей зілтеміршімізді алтын медальдарынан айыру жөнінде шешім қабылдады. Содан кейін еліміздің ауыр атлетика құрамасының бас жаттықтырушысы Алексей Ниге жедел телефон шалдық, деп жазады «Егемен Қазақстан».

– Алексей Геннадьевич, арада екі олимпиялық цикл өтіп кеткеннен кейін бұл мәселені көтерудің неге керек болғанын түсіне алмадық…

– Бұған менің өзім де түсіне алар емеспін. Осы жанжал бас­талғалы бері бұл сұрақты мен де өзіме талай мәрте қойып көрдім. Бірақ, нақты да қисынды жауабын әлі тапқан жоқпын. Оны осы мәселеге қатысты кісілерге де қойып көрдім. Алайда, олар да көңілді орнына түсіретіндей уәж айта алмай келеді. Мұнда шынында түсініксіз жайттар көп. Бір ғана нәрсе айқын, әлдекімдерге Олимпиада тарихын қайта жазып шығу керек болғанға ұқсайды. Әйтпесе, Бейжіңде де, Лондонда да спортшыларымыз жарыстың алды мен соңында әбден тексеруден өткен. Ол кезде ештеңе табылмаған. Ал, арада 8 жылдан астам уақыт өткенде, ол қалай аяқ астынан табыла кетеді? Маған бұл — барынша жұмбақ. Міне, осыны ұғынықты тілмен түсіндіріп бере алатын ешкім жоқ. Бірақ, спортшыларды қарадай қаралайтын қатал шешім бар.

Ендеше, мұнда үлкен саясат қана жатуы мүмкін. Бір елдің ықпалды тұлғалары өздеріне сай­ыс­та бәсекелес бола алатын келесі елдердің белді спортшыларын осындай жолмен қатардан шыға­рып тастауды қолға алған сияқты. Оларға өздері емін-еркін шығып тұра алатын тұғыр керек. Ал таза текетіресте олар мұны жасай алмайды. Сондықтан қандай да бір қарау жолмен болсын, әлеуетті қарсыластарына қара күйе жағып бағуға тырысады. Бұл жолда ондайлар ештеңеден шімірікпейді. Әйтпесе, жап-жас Илья Ильин, мысалы, 2008 жылы Қытай астанасында айды аспаннан бір-ақ шығарған кезде бұлар қайда қалған? Неге бірден су бетіне қалқытып шығара қоймады? Содан кейін Альбион жерінде екінші рет жұлдыз болып жанған шағында неге дабыл қақпаған? Себебі, ол сәтте бұлардың қолдарында ештеңе де болмаған. Қазір де жоқ. Бірақ Ильяның Риода үшінші рет өздеріне енші бере қоймасын сезгеннен кейін дереу «жоқтан бар» жасайтын тірлікке ұрынып, осындай қитұрқылыққа барып отыр.

– Мұның адамгершілікке де келмейтіні белгілі ғой.

– Оған дау жоқ. Енді өзіңіз ойлаңыз, спортшы өзінің ат жалын тартып мінген шағынан бастап, Олимпиаданың биік те мәртебелі тұғырында санаулы минуттар ғана тұруды ұдайы армандаумен болады. Осы қуанышты сәттер үшін ол өзінің жанын да, тәнін де аямай, күндіз-түні жаттығады, адамға тән көптеген қызық-шы­жықтан саналы түрде бас тартады. Сөйтіп, күндердің күнінде сол арманына ақыры жетеді. Алдына асқақ мақсат қойған адам үшін бұдан артық бақыт бола ма?! Міне, соны саптыаяқ басынан қарауыл қараған әлдекімдер бір-ақ пәсте жоқ қылып, жермен-жексен етеді. Құр атақ-даңқтан айырып қана қоя салмай, оның бүкіл дүние жүзі жұртының алдындағы абыройын айрандай төгіп, өзін қылмыскерлердің деңгейіне дейін апарып қояды. Осыдан кейін бұл спортшының өмірінде қандай мән қалады? Адамның тағдырымен дәл бұлайша ойнауға болмайды деп есептеймін. Негізі, осындай циркті қолдан ұйымдастырып жүрген адамдардың өзінде ар мен ұят бар екеніне өз басым қатты күмәнданамын. Ақиқатында, олар тәртіп бұзған спортшыларды шындап іздестірсе, жарыс өтіп болған бойда-ақ тауып алар еді. Ал, кейінгінің бәрі – далбаса тірлік. Біз бұл салаға бүгін келе салған жоқпыз. Допингке қарсы тексеру жұмыстарының қалай жүретінін өте жақсы білеміз. Сол сияқты Ойындар кезінде қай елдің тексеріліп, қай елдің одан тыс қалатынын да көріп жүрміз. Олай болса, мұндай «үкім» жасау құқығын оларға кім беріп жүр? Осы сұраққа да әлі ешкім жауап бере алмай келеді…

– Бүгін Светлана Подобе­дованың спорттық мансабын аяқтағаны туралы берген мә­лім­демесін де естіп жатырмыз. Ол, сонымен бірге, алтын ме­далін қайтармайтынын да ашып айтыпты.

– Мына дау-дамайдың соңы чемпиондықтан айыруға дейін апарып соғуы жалғыз оны ғана емес, басқаларды да шаршатқан сияқты. Мен бұл жерде Светаны жақсы түсінемін. Дәл мынадай соққыдан кейін кім-кімнің де қайта көтеріліп кетуі өте қиынға соғады. Оның үстіне, ол үлбіреп тұрған жас емес, қайта бекініп, тастүйін болып шығу енді тіпті қиындап кетеді. Сондықтан атлеттің медаль жөніндегі айт­қанына да ештеңе алып-қоса алмаймын. Қалай дегенде де, ол осы медаль үшін барын салды, жанын шүберекке түйді. Бұған спортшының бір өзі ғана емес, қан­шама адам, команда қызмет етті.

– Жұрттың бәрі қазір жоға­рыда аталған спортшыларды жазалау мерзіміне де қатты алаң­­даушылық білдіріп отыр.

– Дәл қазір бұған нақты жауап беру қиын. Бұл – Халық­аралық ауыр атлетика феде­ра­циясының құзырындағы нәрсе. Оның тәртіптік комиссиясы жақында осы мәселені қарай­тын отырыс өткізеді. Менің жат­тықтырушылық тәжірибемде мұндай жағдай бірінші рет кездесіп отыр. Сондықтан алдын ала ештеңені ашып айта алмаймын. Дегенмен, қайта тексеру Олимпиялық ойындар өткесін 4 жылдан кейін жасалып жатыр. Сол себепті дисквалификация уақыты спортшылардан сынама алынған уақытынан бастап есептелуі керек деп санаймын. Мәселен, оның берілген мерзімі 4 жыл болса, биылғы жылдың соңында ол аяқталуы тиіс. Бірақ бұлардың бәрі – менің болжамым ғана. Шын мәнінде оның қалай болып шығатынын қазір ешкім де білмейді. Біздің бәріміз халықаралық федерацияның отырысын күтіп жүрміз. Қазақстан Ауыр атлетика федерациясының бастамасы бойынша, онда біздің адвокаттарымыз да барып, жұмыс жасайтын болады.

– Тап сіз ойлағандай болып шығып жатса, Зүлфия Чиншан­лоның жарыс жолына қайта шыға алатын кезеңіне жа­қын қалатын тәрізді.

– Әрине, онда бірден жаттығуға кіріседі. Бірақ болжамның аты – болжам. Оны да қаперден шығармайық. Енді шешімнің шығатын уақытына да көп қалған жоқ қой.

– Мұның бәрі неден басталып еді өзі?

– Бәрі сәуір айында ХОК-тан Олимпиадаға алған лицен­зия­ларымызды алуы ықти­мал атлеттеріміз тізіміне кіре­тін­дерді көбейтуді сұрауы­мыздан басталды. Оның сапында 4 Олимпиада чемпионы да бар еді. Осыдан кейін-ақ біздің спортшыларды тексеру қауырт басталып кетті. Мен осы тізімде сол саңлақтар болмағанда, бәрі тып-тыныш өте шығатынына имандай сенемін.

– Қазір спортшыларымызды құтқарып қалудың мүмкіндігі бар ма?

– Мүмкіндік қашанда бар. Біз соларды барынша пайдаланатын боламыз. Осы мақсатта федерацияның атқарып отырған жұмыстары орасан зор. Соның бастысы, ол спортшыларды қорғау үшін халықаралық спорт құқығы саласындағы кеңесшілер мен адвокаттарды жалдап, іске қосып жатыр.

– Енді құрама қалай жасақ­та­лады?

– Негізінен бәрін басынан бас­тауға тура келетін түрі бар. Жаңа өсіп келе жатқан жас атлет­терімізге көбірек назар аударып, соларға күш саламыз. Солардың қатарынан жаңа команда жасақтап алуға бағыт ұстаймыз. Қазір де біздің жоспарымызға кіріп қойған біраз талантты жас бар. Өмір бар жер­де күрес те болады. Сол күрес бұ­дан әрі жалғаса береді.

Әңгімелескен Серік ПІРНАЗАР

Хабарламаларға жазылу