Бүгін 2017 жылы өтетін Универсиадаға дайындық және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нуров БАҚ өкілдерімен кездесу барысында Алматы қаласы 64 елдің спортшылары мен делегаттарын еркін қабылдай алатынын айта отырып, іс жүзінде 50 елдің спортшылары Алматыға келуі мүмкін екенін жасырмады.
«Біз Алматыны Универсиада кезінде 64 елді қабылдай алады деп айта аламыз. Бұл максималды көрсеткіш. Бүгінгі біздің Атлеттер қалашығы, спорттық нысандар, транспорт, логистикалық мүмкіндіктеріміз 64 елдің 5000-ға жуық спортшысын қабылдауға мүмкіндігі жетеді», - деді Наиль Нуров.
Кездесу барысында Наиль Нуров осыған дейінгі рекордтық көрсеткіш Эрзурум қаласында тіркелгенін айтып өтті. Эрзурумде 52 ел Универсиадаға қатысқан болатын.
«Ойындар Еуропада өткен кезде логистиканы жеңілдететіні анық. Еуропада Универсиадаға қатыспайтын ел жоқ. Біз Эрзурумнің рекордын бұзуға талпындық. Бірақ бүгінгі күні әлемде экономикалық қиын жағдайлардың орын алуы арманымыздың орындалуына кедергі болды. Бізге 64 елден емес, 50 елдің спортшылары келуі мүмкін деп жобалап отырмыз. Бірақ тіркелу жұмыстары әлі аяқталмады. Жыл соңына дейін бізде әлі уақыт бар», - деп хабарлады 2017 жылғы қысқы Универсиада дирекциясының басшысы.
Сонымен қатар Наиль Нуров, Ұлттық студенттер спорты федерацияларының Универсиадаға қатысуын қамтамасыз ету Халықаралық студенттер спорты одағының (FISU)қарауында екенін де айтып өтті. «Біз осы сұрақ бойынша FISU көмегіне және Қазақстан ұлттық спорттық студенттер одағының көмегіне жүгінеміз», - деп сөзін аяқтады Наиль Нуров.
Белгілі болғандай, FISU регламенті бойынша қатысуға мүмкіндік беретін аккредитацияға өтініш жіберу 2016 жылдың 29 қаңтарынан 2017 жылдың 29 қаңтарына дейін жалғасады.
Айта кетейік, Универсиадаға аккредиттеудің бірінші кезеңінде 64 ел қатысуға өтініш білдірген болатын. Екінші кезеңде қатысушы елдер команда тізімі мен спорт түрлері және спортшылар мен ресми адамдардың нақты санын нақтылауы тиіс.