ҚР Мәдениет және спорт министрлігі допингке байланысты жағдай бойынша өз ұстанымын білдірді.
«Бүгін Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы Халықаралық ауыр атлетика федерациясынан (IWF) мәлімдегендей төрт қазақстандық спортшы - Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза мен Светлана Подобедовалардан 2012 жылы Лондондағы Олимпиада ойындары кезінде алынған сынамалардың алдын ала анализдерінің қорытындыларына байланысты ауыр атлетикадағы кез келген іс-әрекеттен уақытша шеттетілгенін хабарлаған болатын.
Тергеу қорытындысы бойынша Халықаралық ауыр атлетика федерациясы спортшылардың жарысқа қатысуы немесе спорттан белгілі бір мерзімге шеттетілуі туралы түпкілікті шешімді шығарады. Спортшылардың 2016 жылғы Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарына қатысу мәселесі де ашық күйінде болмақ. Өйткені, тексеру аяқталғанша және ХОК тәртіптік комиссиясының отырысы болғанға дейін біздің спортшыларға қатысты қандай да бір шара туралы ешқандай ұйғарым енгізіле алмайды», делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі өзіне алған халықаралық міндеттемелерге сәйкес допингке қатысты "нөлдік" шыдамдылық саясатын ұстанады. Дегенмен, барлық іс-әрекеттер орнатылған процедураларға сәйкес жүргізілуі керек деп санайды.
Өз кезегінде министрлік Қазақстан спортындағы допингпен күрес жөніндегі бағдарламаның жүзеге асуын бақылауды күшейтіп, еліміздің Ұлттық Олимпиадалық комитеті, Ұлттық допингке қарсы орталығы және тәуелсіз антидопинг комиссиясымен бірлесіп қазақстандық ауыр атлеттердің допингке қарсы ережелерді бұзу оқиғаларын тексеруді жүргізбек.
Осы мәселе бойынша тергеу аяқталып және уәкілетті инстанция түпкілікті шешім шығарған кезде ғана қандай да бір түсініктеме беру мүмкін болмақ.