ҚР ауыр атлетика федерациясы ресми мәлімдеме жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚР ауыр атлетика федерациясы ресми мәлімдеме жариялады

05.06.2016
ҚР ауыр атлетика федерациясы ресми мәлімдеме жариялады

Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы  шетелдік БАҚ-тардың қазақстандық спортшылардың «оң» допинг-сынамалары туралы хабарламаларына орай ресми мәлімдеме жариялады.

«БАҚ-та жарияланып, таратылып жатқан біздің спортшыларымыз туралы әртүрлі ақпараттарға қатысты мынаны хабарлаймыз: Халықаралық ауыр атлетика федерациясынан, Халықаралық Олимпиада комитетінен (ХОК) қабылданған тәртіптік шараларға, біліктілігінен айыруға, біздің спортшыларды спорт жарыстарынан шеттетуге қатысты қандай да бір мәліметтер Қазақстанның ауыр атлетика федерациясының атына келіп түскен жоқ.

Қазіргі кезде Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы үдеріс тарапы емес екенін атап өткен жөн. Үдеріс тараптары Халықаралық Олимпиада комитеті және ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті. Осыған байланысты зерттеулер нәтижелері туралы барлық ақпарат Қазақстанның ұлттық Олимпиада комитетіне келіп түседі. Қазақстанның ауыр атлетика бойынша барлық спортшылары бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес спорттық-жаттығу қызметін жалғастыруда», - деп мәлімдеді федерациядан.

Еске сала кетейік, Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметтері бойынша 2008 жылғы Бейжіңдегі және 2012 жылғы Лондондағы Олимпиадаларға қатысқан қазақстандық спортшылардан бес сынама «Б» допинг-сынамасының қосымша зерттеу рәсімінен өтуде.

Қазіргі кезде ҚР ҰОК өкілдері Лозаннада (Швейцария) жүр.

 

Хабарламаларға жазылу