Алматыда Халықаралық Олимпиада күні велошерумен басталды. Он шақырымды қамтыған велошеруге қала тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ, шетелдік саяхатшылар да қатысты.
Мыңнан аса адамды қамтыған шараның мақсаты - салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту.
Шаһарда дәстүрлі түрде өтетін велошеруге қатысушылардың саны артып келеді. Оған бүгінгі мереке қарсаңында өткен кезекті велошеру дәлел болды. Бұқаралық спортты дамытуға үлес қосқандардың көпшілігі жастар. Ересектер мен егде тартқан жандар да бұл шарадан қалыс қалмады. Олар да салауатты өмір салтын ұстанып, кейінгіге үлгі көрсетті.
Сонымен қатар түрлі спорттық шоулар көрсетіліп гимнастар серпіліп секіру арқылы өнер көрсетсе, балалар спорттық ойындардан сынға түсті. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов барлық қатысушыларға алғыс білдірді.
Нұрлан НАУРЫЗАЛИЕВ