Словакияда XXVII қысқы Универсиада ойындары басталды. Жарыстың бағдарламасына сәйкес спорттың төрт түрінен бәсекелер өтеді. Әзірге ел қоржынында екі алтын медаль бар.
Ашылу салтанатында Халықаралық студенттер спорты одағының президенті Клод Луис Галиен Словакия президентіне және оның халқына қолдау көрсеткендері үшін зор алғысын білдірді.
«Араға 16 жыл салып, біздің елге Универсиада қайта оралғанына қуаныштымын. Тартысты бәсекелерде біздің спортшылар жанкүйерлерін қуантады деп сенемін», - деді Словакия Республикасының президенті Андрей Киска.
Осыдан кейін Дүниежүзілік студенттер спорты одағының туы көтеріліп, Универсиаданың алауы салтанатты түрде тұтанды.
Қайрат Закирьянов, ҚР Студенттер спорты одағының президенті:
2015 жылғы Универсиада салтанатты түрде ашылды. Енді екі жылдан кейін байрақты бәсекені қазақ елі қабылдайды. Біздің Словакиядағы мақсатымыз – 2005 жылғы Универсиада көрсеткішін қайталап, 5 алтынмен жалпы командалық есепте 7 орыннан көріну.
Телжан Күдеров, тілші:
Іріктеу сындардың барлығында қарсыластарын аңдып отырған Анастасия Слонова финалда да сол тактиканы қолданды. Көмбеге тақар тұстар поляк пен орыс қызын сан соқтырып кеткен ол мәре сызығын бірінші кесіп өтті.
Анастасия Слонова, Универсиада чемпионы:
Mен үшін іріктеу сындары өте қиынға өтті. Барлық қарсыластар мықты. Мен оларды тек тактикалық тұрғыдан сан соқтырып кеттім.
Ал, биатлоншылар арасында жерлесіміз Алина Райкова Универсиада чемпионы атанды.
Ол 15 шақырымға созылған жекелей сында 47 минут 29,04 секунд уақытпен алтын жүлде иеленді. Тағы бір жерлесіміз Галина Вишневская жүлдеге бір қадам жетпей қалды.
Телжан КҮДЕРОВ