Бүгін таңсәріде Алматыға Сочи Олимпиадасындағы жалғыз қазақстандық медальдің иесі, Олимпиаданың қола жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен келді. Оны әуежайда қалың жұртшылық айрықша ықыласпен қарсы алды.
«Мен қазақстандық жанкүйерлердің адам айтқысыз үлкен қолдауын сезіндім. Маған қолдау көрсету үшін Сочиге Қазақстаннан есепсіз адам келді. Сайыстан кейін жерлестерімнің көбімен таныстым, мұндай жағдай бірінші рет болып тұр, қатты қуандым», - деді Денис Тен.
Жас спортшы Мемлекет басшысына ерекше алғыс білдіретінін айтты.
«Сочиде жүргенде және Сочиге дейінгі жолымда Нұрсұлтан Әбішұлы зор қолдау көрсетті. Ең бірінші кездескен кезде ол менің Азиададағы медалімді алып, оның жуық арада әлемдік деңгейдегі медальға айналуын тіледі. Сол жылы мен Әлем чемпионатында екінші орын алдым. Елбасы Сочиде табысты өнер көрсетуді тіледі. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш, үлкен құрмет. Нұрсұлтан Әбішұлының өсиеті әрқашан менің санамда болған. Басымда қиын жағдайлар болған кезде мен өзімді күллі ел қолдайтынын еске аламын», - деді Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері.
Денис Тен журналистердің сұрағына жауап бере отырып, келешекте қазақ мәдениетін насихаттаумен айналысу ниеті барын жеткізді.
«Көрнекі орындауларға үздік мәнерлеп сырғанаушылар ғана қатысады, бұл – үлкен дәреже. Мұнда қазылар болмайды, спортшылар жан рахаты үшін өнер көрсетеді. Мен қазақ музыкасын алып шықтым, ол Қазақстанға арнауым болды, «Тұран» тобының композициясы - домбыра мен қобыз үні естілді. Алдын ала мәлімет бойынша, көрнекі орындауларды 3,5 миллиард адам тамашалады. Демек, сонша адам қазақ мәдениетімен аз да болса танысты, менің мақсатым да сол еді, әлем халқы Қазақстан туралы білсе екен деймін. Гала-концерттен соң көп хат алдым, бәрі «бұл қандай музыка?» деп сұрап жатыр. Қазақстанға қызығушылық білдіріп жатыр. Мен өзімді споршы ғана емес, мәнерлеп сырғанау жөнінен спорт елшісі ретінде көрсетпекпін. Қазақ мәдениетін, республикамыздың ерекшеліктерін әлемге танытқым келеді», - деді мәнерлеп сырғанаушы.
Ол «Денис және оның достары» думанды бағдарламасын жалғастыруды армандайтынын айтты, шоуға қатысуға дүниежүзінен тілек білдіріп жатқандар бар екен.
kaz.tengrinews.kz/