Басты Жаңалықтар Франция визасын енді Шымкентте рәсімдеуге болады

Франция визасын енді Шымкентте рәсімдеуге болады

Еуропаға сапар көбіне виза рәсімдеуден басталады. Ал Шымкент тұрғындары үшін бұл үдеріс енді айтарлықтай жеңілдеді. Шаһарда Франция визасына құжат қабылдайтын орталық ашылып, оңтүстік жұртшылығына жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Франция әлемге әйгілі мәдени мұрасымен, сәулет өнерімен және тарихи орындарымен туристерді қызықтырады. Бұл елге сапарлауды көздеген жергілікті тұрғындар енді виза рәсімдеу үшін Астана мен Алматыға сабылмай-ақ, қажетті құжаттарды шаһарда жаңадан ашылған орталықта тапсыра алады. Мұндай жаңалыққа әсіресе саяхат сүйер қауым дән риза.

Гауһар Төребекова, қала тұрғыны:

Әлемге белгілі Лувр деген музей бар, Сорбонна деген белгілі университет бар. Жастар да, жасы келген азаматтар да армандайтын шығар барып Эйфель мұнарасын көріп, суретке түсейін деп. Өйткені қазір осы тренд - туризм.

Шымкенттің таңдалуы да тегін емес. Миллионнан астам тұрғыны бар қала оңтүстік өңірдің ірі орталығы. Түркістан мен көршілес облыстардың тұрғындары үшін де қатынау қолайлы. Сондықтан жаңа қызмет тұтас өңірдің сұранысын өтеуге бағытталған.

Сильван Гиоге, Францияның Қазақстандағы елшісі:

Шымкент елдің үшінші мегаполисі. Мұнда саяхаттаушылар көп. Жалпы, қазақстандықтардың Францияға деген қызығушылығы артқан. Биыл 20 мыңнан астам виза беруді жоспарлап отырмыз, ал сұраныс өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға өсті. Франциялықтар да Алматы, Маңғыстау және Алтай өңірлерін жиі таңдайды.

Ал визаны алу сапардың алғашқы қадамы ғана. Ендігісі діттеген жерге жету. Шымкенттен Еуропаға қатынайтын тікелей рейстер оңтүстік өңір тұрғындарының жолын жеңілдете түсті. Осының арқасында қаланың туристік тынысы да жандана түспек.

Бексұлтан Әділханов, Қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы:

Шымкент қаласынан Германияның Мюнхен, Венгрияның Будапешт қалаларына тікелей әуе рейстері бар, бұл әуе рейстерінің саны әрі қарай да өседі. Жарты жылда 300 мыңға жуық турист келді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21 пайызға көп.

Айта кетейік, құжат қабылдау сұранысқа қарай айына бір немесе екі рет ұйымдастырылады. Өтініш берушілер VFS Global сайты арқылы қабылдауға алдын ала жазыла алады.

Бөлісу