Басты Жаңалықтар Қызылордада жас ғалымдар күлден тас төсеніштер шығарды

Қызылордада жас ғалымдар күлден тас төсеніштер шығарды

Қызылордада Қорқыт ата университетінің жас ғалымдары жылу электр орталықтарынан шығатын күлді кәдеге жаратып отыр. Пештен шыққан қалдықтан тас төсеніштерін әзірлеп, жаңа құрылыс материалын патенттеп үлгерген. Ерекше эко жобаны тілшіміз көріп келді. Оқу орнының зертханасында докторанттар мен студенттер үнемі ізденіп, түрлі сынақтар жүргізеді. Сондай жаңашылдықтың бірі қалдықтан жасалған тас төсеніш. Негізгі шикізат ретінде қаладағы жылу электр орталығынан шыққан күл мен Тасбөгет аумағының шағыл құмы пайдаланылған.

Нұрболат Тұрсынқожа, докторант:

Жылыту пештерінен шыққан қалдықтарды біз қайтадан қолданысқа енгізіп, оны өңдеу арқылы осылай құрылыс материалдарының бұйымдарын жасап, өндіріске енгізіп отырмыз. Және бұл экологиялық таза материал болып есептеледі.

Жалпы жылыту орталығынан жыл сайын мыңдаған тонна күл шығады. Қала сыртына төгілген осыншама қалдықты құрылыс материалы ретінде кәдеге жарату арқылы қоршаған ортаны тазатуға болады. Университет ғалымдары әзірлеген тас төсеніштер аязға төзімді, қысымға берік екенін жүргізілген сынақтар дәлелдеп отыр. 

Гүлнұр Жақыпова, жоба авторы, университеттің аға оқытушысы:

Жалпы жобада ең бірінші тек қана утилизация мәселесі емес басқа тротуар тақтайшасы дейміз ғой содан затымыздың құны төмендейді. 15-20 пайызға дейін. Сондықтан да біз осы жұмысты әрі қарай зерттеп жатырмыз.

Университет жаңа құрылыс материалын мемлекеттік тіркеуден өткізіп, келер жылы коммерциялық жоба ретінде ұсынбақ. Бүгінде арзан әрі жергілікті шикізаттан дайындалатын тас төсеніштер құрылыс компанияларының да қызығушылығын туғызып отыр.

Бөлісу