Басты Жаңалықтар Депутаттар тендер тәртібін өзгертуді ұсынды

Депутаттар тендер тәртібін өзгертуді ұсынды

Кәсіпкерлер ірі компаниялар мен ұлттық холдингтер жариялаған тендерге қатыса алмай отыр. Әсіресе, ұзақмерзімді келісімшарт рәсімдеуге келгенде қиналады. Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева «Самұрық-Қазына» қоры мен «Бәйтерек» холдингін осылай деп сынға алды. Мемлекеттік сатып алудағы іркілістің кесірінен бизнес өкілдері инвестиция игілігін де көре алмайды.

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Иә, инвестиция игілігін көргісі келетін компанияларға кедергі көп, дейді депутаттар. «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» холдингі жыл сайын отандық компанияларды қолдауға күш салатынын жария етеді. Бірақ сайып келгенде мемлекеттік сатып алуды жеңіп алатын компания аз. Бәріне келетіні бір жауап: «талапқа сай емессіз». Тендерді жеңіп алғанның өзінде «Самұрық-Қазына» ұзақмерзімді келісімшартқа отыруға асықпайды. Соның кесірінен кәсіпкерлер инвестицияға иек артуға именеді. Өндірісін өрлете алмайды. Құрылтайда жазылған сұқбатты тыңдасақ.

Дания Еспаева, ҚР Құрылтай төрағасының орынбасары:

Қандай жүйелі кедергілер отандық кәсіпорынның дамуын тежеп отыр? Ірі компаниялардағы сатып алу ержелері қаншалықты қазақстандық өнеркәсіптің өсу көзіне айналып отыр? Мемлекеттік саясаттың тиімділігін дәл осы ұстанымдар тұрғысынан бағалауымыз керек деп ойлаймын. 

Тірлік тендерге тірелмесе, инвестицияны игеруге икемі бар кәсіпорын көбейе түсетін еді. Тек кейінгі үш жылда инвесторлар 4 жарым трлн теңге құйып, 670 жоба іске асты. Соның ішінде машина жасау бағытына 1 триллион теңге, тамақ өнеркәсібіне 760 миллиард теңге салынған. Нәтижесінде 6 триллион теңгеге өнім шығарылған. Оның үштен бірі экспортталды. 

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі

Биыл жалпы құны 1,7 триллион теңге болатын 200 жобаны іске асыру және 17 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі күні 130 жоба іске қосылды.

Өндіріске берілетін несие де қымбат. 16%-дан басталады. Депутаттардың пікірінше, бастама өзін-өзі ақтап, табысқа жету үшін мөлшерлеме 7%-дан аспауы керек.

Расымен, бұл кәсіпкерлерге айтарлықтай жеңілдік болар еді. Жанел, депутаттардың тарапынан бизнес өкілдері үшін тағы қандай тиімді ұсыныстар болды?

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Біраз өзгеріс қабылдануы мүмкін. Дания Еспаева енді ұзақмерзімді келісімшарттардың орындалуына заң жүзінде кепілдік берілуі керек деді. Тапсырыс беруші компаниялар келісімшартты өзіне ғана тиімді етіп өзгертпеуі тиіс. Сатып алу көлемін жарты жолда қысқартып тастай алмайды. Өнімнің ақысын уақытылы төлейді. Мұның бәрі енді мемлекеттің бақылауында болуы мүмкін.

Бөлісу