Бюджет қаржысы импортқа емес, отандық өнімге жұмсалады
Made in Kazakhstan... Енді отандық киім-кешектер сәнге айналады. Мемлекет елдегі жеңіл өнеркәсіпті дамытуға білек сыбана кіріспек. Нақтырақ айтсақ, отандық шикізатты пайдаланатын кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бүгін Премьер-министр әкімдерге бюджет ақшасын импортқа емес, елде шығатын өнімдерге бағыттауды міндеттеді. Бұдан былай Қазақстандағы ірі компаниялар да қазақстандық тауарларды пайдаланады. Үкіметте өткен жиын жайын тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтсын.
Мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушыларға енді жұмыс киімдерін тек отандық кәсіпорындар тігеді. Үкімет қазақстандық шикізатты пайдаланатын өндіріс ошақтарына қолдау көрсету үшін кешенді жоспар бекітті.
Олжас Сапарбеков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
Менің үстімдегі костюм Қазақстанда тігілгенімен, матасы импорттық. Елімізде мата өндіретін кәсіпорындар бар, тігін тігетін цехтар да бар. Алайда олардың барлығы бірдей отандық шикізатты пайдалана бермейді. Бұл мәселені шешу үшін министрлік депутаттармен бірлесіп заңнамалық түзетулер әзірледі. Оған сай кәсіпорындар елде өндірілген матаны қолдануға міндеттеледі.
Бұдан былай мұнай-газ саласындағы ірі компаниялар да қазақстандық өнімді пайдалануға міндеттеледі. Олар сатып алатын тауарлардың кемінде 30 пайызы елде өндірілген болуы керек. Ал, оны әрі қарай іске асыру қызметтерінің 80 пайызы отандық компанияларға тиесілі болмақ.
Ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының да үлесін арттыру көзделіп отыр. Қазір елде салынып жатқан нысандар мен ғимараттарға қажетті материалдардың 73 пайызы отандық. Ал жылу оқшаулағыш және керамикалық тақта, композиттік және қаптау материалдарын сырттан тасимыз.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
Осыған байланысты «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында құрылыс материалдарына деген қажеттілік айқындалып, оларды өндіретін жаңа кәсіпорындарға инвестиция тарту жұмыстары жүргізіледі.
Қазақстанда бұрын-соңды болмаған өнімдер шығарыла бастайды
Отандық өнімнің көлемін арттырып, импорттан арылу үшін біраз шаруа атқарылды. Биыл жыл соңына дейін елде 200 кәсіпорын іске қосылып, 17 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өндіріс ошақтары жылына 1,5 триллион теңгенің өнімін өндіреді деген жоспар бар. Олардың арасында теміржол дөңгелектері, ламинат, тамшылатып суару жүйелері және кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар сынды Қазақстанда бұрын-соңды шығарылмаған өнімдер бар.
Қазақстанда Mercedes-benz жүк көліктері шығарылады
Шетелдік алып компаниялардың брендтерін локализациялау мәселесіне де үлкен көңіл бөлініп отыр. Алматыда Volvo тартқыштарын шығару басталса, Саран қаласында қытайлық HOWO жүк көліктерін құрастыратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Үкімет немістің Mercedes компаниясымен келіссөздер жүріп жатқанын мәлімдеді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Биылғы жылдың соңына дейін Алматыда Volvo тартқыштарын шығара бастау жоспарланған, ал Mercedes компаниясымен келіссөздер жүргізілуде.
Бюджет қаржысы импортқа емес, отандық өнімге жұмсалады
Бұл дегеніміз – жаңа жұмыс орындары ашылады, отандық өндіріс дамиды, шетелдік технология мен тәжірибе келеді. Ең бастысы, салық түсімі көбейеді, бюджет толады. Енді мақсат – сол бюджеттің қаржысының сыртқа кетпей, ішкі нарыққа серпін бергені.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Жалпы, қарапайым сөзбен айтатын болсақ, біз бюджеттен қаражат бөлсек, оны игеретін компания отандық болуы керек. Ол ақшаға сатып алынатын материалдар, тауарлар қазақстандық болуы керек. Болды! Оп-оңай қағидат.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Қысқасы, ендігі кезек – нақты іске. Жоспарланған жобалар жүзеге асып, отандық кәсіпорындардың әлеуеті толық ашылса, қазақстандық өнімнің де бәсі биіктейді. Ең бастысы, «Қазақстанда жасалған» деген белгі сапаның, сенімнің және ел өндірісінің өркендеуінің символына айналса деген үміт бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы