Жамбыл облысында 7 жылда 9 мың адам кәсіпкер атанған
Жамбыл облысында ауылдық жерде кәсіп ашқан азаматтар қатары артып келеді. Аймақта соңғы 7 жылда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 9 мың ауыл тұрғыны кәсіпкер атанды. Ал қаржылай қолдау көлемі 43 млрд теңгеге жетті. Несие алып, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып отырғандар жайлы Данияр Әлімқұл толықтырады.
Байзақ ауылының тұрғыны Гүлжайна Ережепова қысы-жазы қияр өсіреді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 9 млн теңгеге жуық жеңілдетілген несие алған. Сөйтіп жары екеуі жылыжай кәсібін жандандырып отыр.
Гүлжайна Ережепова, Байзақ ауылының тұрғыны:
Северан деген дән. Ол – жылыға, суыққа төзімді, өнімді көп беретін дән. Бұл – бізде үшінші егін. Бір айда 1,5 тоннадай аламыз. Осы Байзақ ауылында екі үлкен дүкен бар. Сол жаққа өткіземіз. Ауылды қамтып отырмыз.
Ал Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Айнагүл Ахмадбекова бір жарым жыл бұрын құс шаруашылығын ашты. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2,5 пайызбен 17 млн теңге несие алған. Қаржының бір бөлігін инкубатор аппаратына, жартысын жұмыртқа алуға жұмсаған. Бүгінде айына бір тонна ет өндіріп, оны бірнеше өңірге жібереді.
Айнагүл Ахмадбекова, кооператив жетекшісі:
Жалпы саны мыңнан асады. Канададан үндіктің, Чехиядан бройлердің, Башқұртстаннан үйрек пен қаздың жұмыртқасын алдыртамыз. Біз наурыз айында жұмыртқаны қоямыз, 4 ай балапан шығарамыз. Тамыздан бастап 5 ай ет союмен айналысамыз.
Аймақта «Ауыл аманаты» жобасы 7 жыл бұрын басталды. Содан бері 43 млрд теңге бөлініп, 9 мың ауыл тұрғыны кәсіпкер атанды. Шағын бизнестен түсетін салық көлемі де айтарлықтай артты. 2020 жылы қазынаға 400 млн теңге түссе, бүгінде 1,6 млрд теңгеге жетті.
Асыл Ақберді, «Тараз» ӘКК несиелеу департаментінің басшысы:
2020 жылы атаулы әлеуметтік көмек алатын ауыл тұрғындарының саны 69 мыңға жуық болса, бұл көрсеткіш 2026 жылы 16 мыңға жуық адам басына азайды. Яғни 6 жыл аралығында АӘК алушылардың саны 4 есе азайды.
Былтыр өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 5 млрд теңге бөлініп, 566 жоба жүзеге асты. Ал биыл қаржыландыру 7 млрд теңгеге өсті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы