Басты Жаңалықтар Алматы метросы сейсмикалық бақылауда

Алматы метросы сейсмикалық бақылауда

Алматы метросындағы 11 стансаның әзірге екеуі ғана сейсмикалық құрылғылармен жабдықталған. Мамандар жер сілкінісінің ықтимал қаупін дер кезінде анықтау үшін мұндай жүйелерді көбейту қажет екенін айтады. Өйткені метро бекеттерінің астындағы топырақ құрамы мен тектоникалық жарықтардың орналасуы әркелкі. Қазір «Қалқаман» стансасына да арнайы құрылғы орнатылып жатыр. Егер дүмпу бола қалған жағдайда метро қозғалысы қалай тоқтатылады? Қуан Нұрақынның репортажы

Қазір Алматы метросындағы сейсмикалық датчиктер «Момышұлы» мен «Сайран» стансаларында ғана бар. Мамандар бұл жеткіліксіз екенін айтады. Өйткені, жерасты құрылыстарының сейсмикалық қауіпсіздігін бағалау үшін әр аумақтың геологиялық ерекшеліктерін ескеру маңызды.

Владимир Лапин, «Сейсмологиялық байқау және зерттеулер Ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС зертхана меңгерушісі:

Екі станса, әрине, жеткіліксіз. Өйткені, әр станса орналасқан аумақтың топырақ құрамы әртүрлі, тектоникалық жарықтардың орналасуы да бірдей емес. Қазір «Қалқаман» стансасына сейсмикалық датчик орнатылып жатыр. Алдағы уақытта тағы үш стансаға осындай құрылғылар орнату жоспарланған.

Дегенмен жер сілкінген жағдайда пойыздар автоматты түрде тоқтамайды. Қозғалысты тоқтату және жолаушыларды эвакуациялау туралы шешімді диспетчерлік орталық қабылдайды. Ал пойыз жер асты жолында тұрып қалса, жолаушыларды қауіпсіз бағытпен жақын стансаға жеткізу міндеті метро қызметкерлеріне жүктеледі.

Алмас Қыдырәлиев, «Метрополитен» КМК қозғалыс қызметінің басшысы:

Алгоритммен жүзеге асырылады. Пойыздар тоқтатылады. Пойыз диспетчері бұйрығын береді. Жолаушыларды пойыздан, туннельден машинист бағыттайды жақын стансаға қарай. Бекет кезекшісі қарсы алып, жоғары қарай эвакуация жасап, жердің бетіне қарай шығарады.

Метрополитеннің мәліметінше, стансалар мен жер асты жолдары 9–10 балдық жер сілкінісіне төзімді. Нысандардың техникалық жағдайы күн сайын тексеріліп, жолаушыларды эвакуациялау бойынша оқу-жаттығулар ай сайын өткізіледі. Сондай-ақ сейсмикалық қауіп туралы ақпаратты жедел алмасу үшін жауапты мекемелер ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Бұл шаралар төтенше жағдайда жолаушылардың қауіпсіздігін мен жедел әрекет етуге бағытталған.

Бөлісу