Басты Жаңалықтар Түркістан облысында тағы 73 ауылға газ қосады

Түркістан облысында тағы 73 ауылға газ қосады

Түркістан облысында ауылдарды газбен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Елдімекендерді табиғи газға қосу көрсеткіші бойынша елімізде көш бастап тұр. 2026-2027 жылдары 73 ауылды табиғи газға қосу үшін бюджеттен 12,7 млрд теңге бөлінді. Бұл жұмыстар елдімекендердің инфрақұрылымын жақсарту мен халықтың тұрмыс сапасын  арттыру бойынша Президент Жолдауында айтылған еді. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Бәйдібек ауданының орталығынан шалғай орналасқан Қошқар ата мен Кеңсай ауылдарына магистральды газ құбырын тарту жұмыстары былтыр басталған. Қазір таулы аумақтағы елді мекендерге құбыр тартылып жатыр. Ал ауыл тұрғындары көгілдір отынды тағатсыздана күтуде. Себебі мұндағы жұрт жылдар бойы көмір тасып, күл шығарудың машақатынан әбден мезі болған.

Адасбек Сарыбалаұлы, Кеңсай ауылының тұрғыны:

Бірінші жолды жақсы істеп кетті. Суды әкелді. Міне газ тартылып жатыр. Қазір үйді үйге құрғандарына құрып, осы ноябрьге дейін тегіс газдандырамыз деп жатыр ғой. Анау үйдегі келіндер де қуанып қазір газ келгеніне қаланың адамдарымен бірдей болып қалдық.

Қазіргі таңда ауданда 43 ауыл газбен қамтылған. Мәселен Бәйдібек ата ауылының тұрғындары көгілдір отынның келуімен күнделікті тіршіліктің едәуір жеңілдегенін айтады.

Ақтұйғын Құлжабаева, Бәйдібек ата ауылының тұрғыны:

Азанда тұрып от жақпайсың. Көмір әкелмейсің, күл шығармайсың. Үй жылы, тамақ пісіп жатыр. Түнде балдарды жуындырасың. Барлығы бірқалыпты. Көңіліміз тоқ. Өкіметке, Президентке рахмет осындай дәрежеге жеткенімізге.

Биыл Бәйдібек ауданындағы Боралдай, Ақбастау ауылдық округтеріне қарасты Қаратас және Тұрақты елді мекендеріне табиғи газ берілді. Елдімекендер таулы жерде болғандықтан техникаларды жүргізу қиындық тудырды. Соған қарамастан жұмыстар уақтылы атқарылды. Ал келер жылы Ақтас пен Шұқыршақ елдімекендерін газдандыру жұмыстары жоспарланған.

Жандос Әзізханов, Бәйдібек аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Жобалық-сметалық құжаттамасы жасалған. Салалық басқармаға өткізілген. Қолдау табатын болса, сәуір-мамыр айында Ақтас, Шұқыршақ елдімекендеріне газ беріп, Бәйдібек ауданын жүз пайыз газбен, көгілдір отынмен қамтимыз деп отырмыз.

Бүгінге дейін аймақта 36 мыңнан аса халқы бар 34 елді мекеннің 20-сы көгілдір отынмен қамтылған. Қалған 14 елді мекен жыл соңына дейін табиғи газға қосылады деп күтілуде. Тағы 39 нысанның жұмысы келер жылға өтпелі. Жалпы 2028 жылы өңірдегі елдімекендерді табиғи газбен қамту жұмыстары толық аяқталуы тиіс.

Бөлісу