Басты Жаңалықтар NVIDIA, суперкомпьютерлер және миллиардтаған инвестициялар: Әлемдік БАҚ Қазақстанның ЖИ жарысындағы позициясын қалай бағалайды

NVIDIA, суперкомпьютерлер және миллиардтаған инвестициялар: Әлемдік БАҚ Қазақстанның ЖИ жарысындағы позициясын қалай бағалайды

NVIDIA, суперкомпьютерлер және миллиардтаған инвестициялар: Әлемдік БАҚ Қазақстанның ЖИ жарысындағы позициясын қалай бағалайды

Шетелдік Global Banking & Finance Review басылымы Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлеуеті мен цифрлық экономика құру бағытындағы қадамдарына арналған талдамалық материал жариялады. Мақалада еліміздің халықаралық технологиялық компаниялармен серіктестігі, суперкомпьютерлік инфрақұрылымды дамыту жоспарлары және энергетикалық ресурстарды жоғары қосылған құны бар цифрлық өнімге айналдыру мүмкіндіктері сөз болған.

Басылымның жазуынша, NVIDIA компаниясының бас директоры Дженсен Хуангтың Қазақстанға сапары және жасанды интеллект саласындағы жалпы құны 10 миллиард долларға дейін жететін келісімдер елдің халықаралық технологиялық нарықтағы орнын нығайта түсті. Хуанг Астанадағы кездесуде Қазақстанды болашақта Еуропаның есептеу орталығы әрі жасанды интеллект фабрикасына айналуы мүмкін ел ретінде бағалаған.

Мақалада Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктері де атап өтілген. Атап айтқанда, 2025 жылы еліміздің IT-қызметтер экспорты 1,142 миллиард долларға жеткені, ал мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн форматқа көшірілгені көрсетілген. Сонымен қатар Қазақстанның Орталық Азиядағы цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту бағытындағы көшбасшылық орнына назар аударылған.

Басылым Қазақстандағы суперкомпьютерлік инфрақұрылымның дамуына да тоқталған. Қазір елде NVIDIA технологиялары негізінде екі суперкомпьютерлік кластер жұмыс істеп тұр. Ал Екібастұзда жүзеге асырылып жатқан Data Center Valley жобасы аясында қуатты деректер орталығын құру жоспарланған. Жобаның алғашқы кезеңін 2027 жылдың үшінші тоқсанында коммерциялық пайдалануға беру көзделіп отыр.
Зерттеуде Қазақстанның электронды үкіметті дамыту индексі бойынша 193 елдің ішінде 24-орынға тұрақтағаны, ал онлайн қызметтерді дамыту көрсеткіші бойынша әлемнің үздік 10 мемлекетінің қатарына еніп, бірқатар дамыған Еуропа елдерінен озық шыққаны аталған.

Бөлісу