Атырауда экстремистік топтың 10 мүшесі ұсталды
Атырау қаласында экстремистік топтың 10 мүшесі ұсталды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарының үйлестіруімен күдіктілерді бір мезетте қолға түсірген.
Тергеу мәліметінше, олар еліміздің батыс өңірінде конституциялық құрылымды күшпен өзгертуді көздеген. Күдіктілерге экстремистік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу, терроризмді насихаттау, сондай-ақ діни алауыздықты қоздыру деректері бойынша айып тағылып отыр. Тінту барысында атыс қаруы, есірткі заттары, діни атрибутика, әдебиеттер мен өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленген. Сонымен қатар топ мүшелері балалар мен жасөспірімдерге арналған үш жасырын оқу орталығын ұйымдастырғаны анықталды. Күдіктілердің бірнешеуі бұған дейін терроризмге және басқа да қылмыстарға байланысты сотталған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы