Басты Жаңалықтар Ақтөбеде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында қаламгерлермен кездесу өтті

Ақтөбеде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында қаламгерлермен кездесу өтті

«Бір ұлт. Бір кітап. Мың мүмкіндік». Ақтөбеде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында белгілі қаламгерлермен кездесулер өтіп жатыр.

Бұл жолы Құрылыс-техникалық колледжінің студенттері мен оқытушылары Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, аудармашы Есенбек Жұмағалиевті шақырып, әсерлі кездесу ұйымдастырды. Жиналғандар қаламгерге шығармалалары мен поэзия әлемі туралы сауалдарын қойып, пікір алмасты.

Шара барысында «Кітап оқитын ұлт» марафоны жөнінде де ақпараттар берілді. Бұл байқауға өңірден 123 мыңнан астам қатысушы тіркелген. Кездесуге шақырылған ақынның сөзінше, қазір жастар арасында поэзия оқитындар көбейіп келеді.

Есенбек Жұмағалиев, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, аудармашы:

Жас буын көбіне поэзияға ден қояды және жаттап айтып жүру сәнге айналып келе жатыр осы күндері. Әрбір қаламгер әр түрлі стильде, әр түрлі тақырыпта жазады, сол себепті әр ақынның өзінің аудиториясы қалыптасып келе жатыр қазір.

Бөлісу