Басты Жаңалықтар Шағын бизнесті қолдау – экономикаға серпін

Шағын бизнесті қолдау – экономикаға серпін

Кәсіпкерлерді тексеруге үш жылдық мораторий енгізу – шағын бизнестің еркін дамуына мүмкіндік беретін маңызды қадам. Бұл бастама әкімшілік кедергілерді азайтып, кәсіпкерлерге жұмысын кеңейтуге жол ашады. Бұл бастама бизнеске қалай әсер етеді? Кәсіпкерлер мен сарапшылар пікірі қандай? Жазира Оразқызы баяндайды. 

Көпбалалы ана, кәсіпкер Сандуғаш Есенбекова жеті жыл бұрын мемлекеттік грант ұтып алып, кәсібін бастаған. Қазір оның тігін цехында қыз жасауына қажетті бұйымдар мен құрақ көрпелер тігіледі. Кәсіпкер он адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ісмер Президенттің бүгінгі Жолдауында айтылған бастамалар кәсібінің өркендеуіне серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деген сенімде.

Сандуғаш Есенбекова, кәсіпкер:

Президентіміз өте керемет қолдау жасап жатыр шағын кәсіптерге. Үш жылдық тексерістен, басқа да кедергілерден өте үлкен мүмкіншілік, шағын кәсіптер үшін үлкен жетістікке жету деп білемін. Дәл осындай қарқынмен болып жатса, мың адамды қамтитын зауыт соғып, арманыма жетемін деген ниеттемін.

Экономист Мақсат Халық үш жылдық мораторийді ел экономикасын дамытуға бағытталған маңызды қадам деп бағалайды. Оның пікірінше, бұл бастама кәсіпкерлердің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және  халықтың тұрмысын жақсартуға ықпал етеді.

Мақсат Халық, экономист:

Бұған дейін де үш жыл мораторий жасалған сәттер болған. Ол кезде жалпы іскерлік ортада біраз жандану болған еді. 3 жылға тағы мораторий жарияланатын болса, бұл экономикамызда іскерлік белсенділік көрсеткіші бар, оның артуына оңтайлы әсерін тигізеді. Ол сөз жоқ, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға, олардың табысты болуына үлкен өзінің ықпалын тигізеді.

Десе де, үш жылдық мораторий бизнестің барлық түріне бірдей қолданыла бермейді. Кейбір кәсіпкерлік бағыттарға қатысты шектеулерді сақтау қажет, дейді Құрылтай депутаты Олжас Құспеков. 

Олжас Құспеков, ҚР Құрылтайының депутаты:

Шетелге қаржы аударымдары бар. Криптодривтердің аударыммен ауысуы ақшаға, сол бағыттағы ойын бизнесі бар бізде, казиномен айналысатындар. Басқа да бағыттар адам қауіпсіздігіне, адамның денсаулығына қатысты мәселелер, қылмысқа жақын мәселелер айналысуы мүмкін. Ақша айналымын реттеу бойынша сол бағыттағы бизнестер мораторийге жатпауы керек.

Президент Жолдауында көтерілген бастамалар кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға, әділ бәсекелестікті қамтамасыз етіп, бизнестің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған. Үш жылдық мораторий де –  осы мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететін маңызды тетіктердің бірі. Сандуғаш секілді кәсіпкерлер мұндай қолдау ел экономикасының нығаюына және бизнестің тұрақты дамуына септігін тигізеді деп сенеді.

Бөлісу