Шығыста қар жауып, жолдар жабылды
Еліміздің бірқатар өңірінде күн райы құбылып тұр. Шығыста таңертең жауа бастаған қар әлі тоқтаған жоқ. Ауа райының қолайсыздығына байланысты облыстағы бірқатар республикалық жолдар жабылған. Төтенше жағдай мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Өңірдегі қазіргі ахуалды тілшіміз Бекарыс Секеннен сұрап білейік. Бекарыс, қардың тоқтайтын түрі бар ма? Ауа райын болжаушылар не дейді?
Бекарыс Секен, тілші:
Иә, Қонысбек, шығысқа биыл қыс ерте келгендей. Қар толассыз жауып, кей жерлерде бұрқасын күшейді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жолға жауапты қызметкерлер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Бүгін таңғы сағат тоғыздан бері республикалық маңызы бар жеті жол учаскесінде көлік қозғалысы толық тоқтатылды. Әсіресе Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонайха және Өскемен – Риддер бағыттарында қарлы боран. Сондықтан төтенше жағдай қызметкерлері жүргізушілерге жолға шығар алдында ахуалды анықтап, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертеді. «Қазгидромет» мамандары бүгін облыстың кей аймақтарында жел күшейіп, екпіні секундына 29 метрге дейін жетеді деген болжам жасап отыр. Соған қарағанда Шығыс Қазақстандағы қыс қаһары бүгіндікке райынан қайта қоймайтын сияқты. Біз де ахуалды бақылап отырмыз. Қосымша мәліметтер түссе, дер кезінде хабарлауға тырысамыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы