Басты Жаңалықтар «Таза Қазақстан» road-эстафетасы қорытындыланды

«Таза Қазақстан» road-эстафетасы қорытындыланды

Ақмола облысынан басталған «Таза Қазақстан» road-эстафетасы Шығыс Қазақстанда қорытындыланды. Жобаға қатысушылар 1800 шақырым жол жүріп, елді мекендер мен тарихи-мәдени ескерткіштерді күл-қоқыстан тазартты. Ауылдарға аялдап, түрлі танымдық шара ұйымдастырды. Экологиялық науқанға «Әділет» партиясының жастар қанаты мұрындық болды.

Эстафета Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын қамтыды. Қатысушылар 10 аудан мен 59 ауылға барды. Олар түрлі экологиялық акциялар өткізіп, тарихи-мәдени орындарды ретке келтірді.

Әлихан Дәуітқали, ерікті:

Біз, жастар, осындай акцияларға дайынбыз. Біздің еліміздің, жеріміздің тазалығы - біздің қолымызда. Біз әрқашан қолдаймыз.

Төрт күн ішінде төрт облыстың аумағынан 150 тонна қоқыс жиналды. Экологиялық акцияға бес мыңға жуық ерікті қатысты. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған road-эстафета игі дәстүрге айналып келеді.

Эльмира Нұрсейітова, «Жастар рухы» ЖҚ ШҚОФ кеңесшісі:

Таза Қазақстан бұл тек қана табиғатты аяулау ғана емес, бұл әр күнгі әр ісіміздің тазалығы. Сондықтан біз жастарымызды тазалыққа баулу мақсатында осындай акцияны ұйымдастырамыз.

Бұдан бөлек, бұл бастама аясында Құрылтай депутаттары ауыл тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық қабылдау өткізді.
Ерлан Саиров, ҚР Құрылтайының депутаты:

Қазақстанның тазалығы - бұл біздің еліміздің моральдық бет-бейнесіне жақсы әсер етеді. Сондықтан бұл акцияның мәні де, мағынасы де өте зор.

Табиғатты таза ұстау, тарихи-мәдени мұраны қорғау - ортақ міндет. Бұл эстафета жыл сайын ауқымын кеңейтуді мақсат етеді.

Бөлісу