Басты Жаңалықтар Шымкентте цифрлық бақылау негізсіз шығындарды анықтады

Шымкентте цифрлық бақылау негізсіз шығындарды анықтады

Шымкенттегі балабақшалардың бірі шетінеп кеткен бүлдіршіннің атына бір жылға жуық уақыт мемлекеттен ақы алып келген. Бұл туралы шаһар басшысының орынбасары өңіраралық семинарда мәлімдеді. Білім беру жүйесін цифрландыру бюджет қаржысының негізсіз жұмсалған өзге де деректерін анықтаған. Жиында Шымкенттің тәжірибесін өзге өңірлерге тарату мәселесі де қаралды.

Шектеулі бюджет жағдайында балаларды қосымша біліммен қамту қаржыны тиімді жоспарлап, әр шығынды нақты есепке алуды талап етеді. Ал цифрлық бақылау негізсіз шығындардың алдын алып, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына мүмкіндік береді. Шымкентте өткен семинарда осы тетіктерді жетілдіру және шаһар тәжірибесін өзге өңірлермен бөлісу  мәселелері талқыланды.

Стэлла Ибраева, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті директорының орынбасары:

Шымкент бір жылда пилоттық жоба аясында үлкен тәжірибе жинақтады. Балалар есебін жетілдіруден бастап, бюджет қаражатын тиімді бөлу мен негізсіз шығындардың алдын алуға дейін маңызды жұмыстар атқарылды. Сондықтан алғашқы өңіраралық семинарды осы қаладан бастадық. Бүгін біз тек баяндама тыңдауға емес, тәжірибе алмасуға келдік. Мен де Шымкенттің тәжірибесін үйренуге келдім.

Жиында саланы цифрландыру барысында анықталған кемшіліктер де сөз болды. Мәселен, шаһарда бір баланың 7 үйірмеге қатар тіркелгені, ал небәрі 15 шәкіртке шақталған мекеменің 460 ваучер алғаны белгілі болған. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының бірі өмірден өткен бала үшін бюджеттен төлем алып отырғаны анықталған.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

Бір жаттықтырушы 6 жерде сабақ берген, бір жерде волейболдан сабақ берсе, мына жерде теннис, үшіншісінде домбыра тартуды үйретеді. Ал кейбір балабақша, екі жағдай болды шетінеп кеткен балаларды тіркеп алған, шамамен бір жылдай  ақша алып келген.

Пилоттық жоба қосымша білім беру саласындағы бірқатар былықтың бетін ашып, оларды түзетуге мүмкіндік берді. Цифрландыру барысында білім беру ұйымдарындағы интернет жылдамдығына қатысты мәселе де реттелді.

Мұхит Кемелов, қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы:

Айқын ақпараттық жүйесін енгізу арқылы мәселелер шешілді. Компютерге келетін интернет жылдамдығын реттедік. Соның арқасында өз жүйемізді де жаңғыртып алдық. Жасанды интеллект технологиясын қостық.

Цифрлық бақылау бюджет шығынын реттеп, балаларға арналған қызметтердің әділ ұйымдастырылуына жол ашады дейді жауаптылар. Айта кетейік, семинардың екінші күні өңірден келген әріптестер үшінші мегаполистің осы бағыттағы тәжірибесімен танысуды жалғастырады.

Бөлісу