Басты Жаңалықтар Зерттеу нәтижесі: Қазақстан – өңірлік көшбасшы

Зерттеу нәтижесі: Қазақстан – өңірлік көшбасшы

Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші инвестициялық орталық ретіндегі орнын нығайтып келеді. Ұлыбритания мен АҚШ инвесторларының қатысуымен жүргізілген жаңа зерттеу еліміздің экономикалық әлеуеті мен өңірдегі ықпалының жоғары екенін көрсетті. Әсіресе қаржы нарығы, технология және көлік инфрақұрылымы шетелдік бизнес үшін тартымды бағыттарға айналған. Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова сабақтайды.

Montfort Eurasia (Монфорт Еурэйжа) халықаралық консалтинг компаниясының зерттеуіне сәйкес, Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика ретінде көш бастап, шетелдік инвестиция тарту бойынша алда келеді. Соңғы 20 жылда елге шамамен 440 миллиард доллар инвестиция құйылған. Бұл – Орталық Азияға салынған барлық шетелдік инвестицияның 70 пайызға жуығы.

«Қазақстан – Орталық Азия экономикасының негізгі тірегі әрі шетелдік капиталды ең көп тартатын мемлекет. 2025 жылы ел экономикасы 6,5 пайызға көбейіп, 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұған «Теңіз» кен орнындағы мұнай өндірісінің артуы мен құрылыс саласындағы қарқынды өсім ықпал етті».

Дереккөз: Montfort Eurasia, Investor Perception Report 2026

Шетелдік инвестиция тек шикізат өндірісіне ғана емес, экономиканың өзге салаларына да бағытталып жатыр. Биылғы алғашқы жартыжылдықта қаржы және сақтандыруға 1 миллиард 900 миллион доллар, ал өңдеу өнеркәсібіне 1 миллиард 800 миллион доллар тартылды. Цифрлық экономика да қарқын алып келеді. Жаңа зерттеуге сәйкес, Қазақстандағы стартаптар мен технологиялық компаниялардың саны мың жарымнан асқан.

Эрик Лейкин, Global Data Risk компаниясының бас директоры:

Қазақстан Орталық Азиядағы жасанды интеллект саласы көшбасшыларының біріне айналғалы жатыр. Елде технологияны дамытып, оны бизнеспен ұштастыруға қажетті қуатты инфрақұрылым бар. Сондай-ақ Қазақстан халыққа көрсетілетін цифрлық қызметтер бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің бірі екені қуантады.

Дима Әл-Яхъя, Цифрлық ынтымақтастық ұйымның бас хатшысы:

Бұл өте маңызды мәселе. Жасанды интеллектіні енгізу еңбек өнімділігін арттырып, ашықтықты күшейтеді, халықтың өмір сүру сапасын жақсартады және бизнес жүргізуді жеңілдетеді. Осы мүмкіндікті Қазақстан  ел игілігі үшін іске асыратыны өте маңызды.

Былтыр Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 1 миллиард 600 миллион доллардан асқан. Қазір елімізде британ капиталының қатысуымен 500-ден астам компания жұмыс істейді. Лондон мен Астана энергетика, көлік және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті.

Бөлісу