Басты Жаңалықтар «Отбасы банк»: 6 ай күтпей баспана алуға болады

«Отбасы банк»: 6 ай күтпей баспана алуға болады

«Отбасы банк» баспана алудың жаңа тетігін іске қосты. Енді қазақстандықтар депозиттегі ақшасының бағалау көрсеткіші талапқа сай болуын алты ай күтпей-ақ, серіктес құрылыс компанияларынан пәтер сатып ала алады. Жаңа механизм бүгіннен бастап қолданысқа енгізілді.

Самал Қабышева, тілші:

«Отбасы банктен» баспана алу үшін енді 6 ай күтпейсіз. Банк бұл талапты алып тастады. Жаңа шарт 15 қазаннан, яғни бүгіннен бастап күшіне енді. Яғни, бұрыңғыдай депозиттегі ақшаның бағалау көрсеткіші талапқа сай болуын жарты жыл бойы күту деген болмайды. Қалаған баспананы депозитте ақша болса болды, ала аласыз. Енді кредиттеудің негізгі шарттары қандай? Клиенттің «Отбасы банкте» депозиті болуы тиіс. Ол жерде қажетті несиенің 50% көлемінде жинағы болуы шарт. Бастапқы сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 8,5 пайыз, несие шартына қарай 3,5-5 пайызға дейін төмендейді. Ал «Отбасы банктің» клиенті баспана алу үшін не істеуі керек? Алдымен құрылыс компаниясының сату бөліміне барасыз. Үйді таңдайсыз және міндетті түрде брондау қажет. Содан кейін баспананы салып жатқан компаниядан таңдалған пәтердің брондалғанын растайтын хатты алып, «Отбасы банкке» жүгіну керек. Өтінімді банк бөлімшесінде немесе менеджермен бейнебайланыс арқылы рәсімдеуге болады. Ал қандай құрылыс компаниялары «Отбасы банкпен» жұмыс істейтіні банктің ресми сайтында жарияланған. Қазір жаңа талап шартына сай Астана, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларынан 600 пәтер ұсынып отыр. Ал «Наурыз» бағдарламасының қатысушыларына баспана іздеуге қосымша уақыт берілді. Көктемде ипотека алуға мақұлдау алғанымен, әлі күнге дейін пәтер таппаған екі мыңға жуық азаматтың мерзімі ұзартылды. Бұған дейін үй іздеуге берілген алты айлық уақыт 12 қарашада аяқталуы тиіс еді. Енді олар 2026 жылдың 30 желтоқсанына дейін баспана таңдап, ипотека рәсімдей алады.

Бөлісу