ТМҰ салтанатты жиыны өтті
Түркітілдес елдердің басын біріктіретін Түркі мемлекеттері ұйымының құрылуына 17 жыл толуына орай Ыстанбұл қаласында салтанатты жиын өтті. Бауырлас елдердің байланысын бекемдеуде орны ерек ұйымның осы жылдар ішінде аты ғана емес, заты да өзгеріп салмақты саяси институтқа айналды. Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалы. Салтанатты жиынға Түркияның министрлері, халықаралық ұйымдардың басшылары мен дипломатиялық корпус өкілдері қатысты. Жиналғандар 17 жыл ішінде ұйымның шағын кеңестен белді халықаралық ұйымға айналғанын тілге тиек етті.
Күршад Зорлу, Түркияның «Әділет және даму» партиясы төрағасының орынбасары, парламент депутаты:
Түркі мемлекеттері ұйымы жыл өткен сайын жан-жақты дамып келеді. Бір ғана Қытай шекарасынан Еуропаға дейін созылған Орта дәліз біздің алдағы 100 жыл бойы талқылайтын ірі жобамыз болмақ. Сондай-ақ бізді одан әрі жақындата түсетін экономикалық көпір болады деп сенемін. Бұдан басқа да ірілі-ұсақты ондаған жоба жүзеге асып жатыр. Осының бәрі ұйымның аз уақытта қандай деңгейге жеткенін көрсетсе керек.
Соңғы жылдары Түркі инвестициялық қоры арқылы бауырлас елдерде ірі жобаларға қаржы бөліне бастады. Ұйымның орта және ұзақ мерзімді мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты бекіді.
Кубанычбек Өмірәлиев, ТМҰ бас хатшысы:
Түркі мемлекеттері ұйымының құрылғанына 17 жыл болғанымен, біз мыңдаған жылдар бойы бірге келе жатқан халықтармыз. Соңғы жылдары ұйымға мүше елдер 64 сала бойынша өзара ынтымақ орнатты. Бұл жай ғана сан емес. Мұның артында қаншама еңбек, қаншама жоба жатыр. Осының арқасында біздің бірлігіміз бекемделе түсті.
Салтанатты жиында осы айдың аяғында Анкарада өтетін мемлекет басшылары саммитінің күн тәртібінде тұрған мәселелер де талқыланды. Бұдан бөлек сол саммитте ұйымның Бас хатшысы ауысатыны да айтылды. Мамандар Түркі мемлекеттері ұйымы бүгінде тек түркітілдес елдер емес, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері санасатын әлеуетті саяси-экономикалық институтқа айналғанын бірауыздан мақұлдап отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы