Басты Жаңалықтар Жаңа нысандар: Көлік және медициналық инфрақұрылым

Жаңа нысандар: Көлік және медициналық инфрақұрылым

Шымкент арқылы өтетін транзиттік көлік енді қала сыртымен қатынайды. Шаһарда 50 шақырымдық айналма жолдың құрылысы басталды. Ол Алматы–Ташкент бағытындағы халықаралық және республикалық көлік ағынын қала көшелерінен алыстатпақ. Сонымен қатар Президент тапсырмасымен жаңа емхана мен көпбейінді аурухана корпусының капсуласы салынды. Жаңа жобалардың қала тіршілігіне берер серпіні туралы аймақтағы әріптесім баяндайды.

Жаңа жолдың құрылыс алаңында капсула салу рәсімі өтті. Төрт жолақты магистраль Ташкенттен Алматы мен Қытайға бағыт алған жүк көліктерінің қозғалысын жеңілдетпек. Транзиттік көліктері енді тұрғындар тұратын аумақтарға соқпай қатынайды. Жол ақылы болады, ал одан түсетін қаржы магистральды күтіп ұстауға жұмсалады.

Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:

Президентіміз аса мән беріп отырғанын білесіздер. Осындай ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар берген. Әрі қарай да бұл жұмысты тоқтатпайтын боламыз. Келесі жылға жоспарлаған жобаларымыз да бар.

Шымситидегі тұрғындар саны бір жылда 8 мыңнан 14 мыңға жеткен. Халық көбейген сайын медициналық қызметке сұраныс та артты. Енді шағынауданда жаңа емхана бой көтереді. Мұнда ересектер мен балалар бөлімдері, әйелдер консультациясы және отбасылық денсаулық орталығы орналасады.

Қайрат Қалыбеков, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Бір ағымда 500 посещение қабылдайды, 30 мың халыққа арналған. Бұндай жобалар үлкен қалаларда Алматыда іске асырылған, тиімділігін анықтай отырып осы үлкен үшінші мегаполисте іске асыруды қолға алып отырмыз.

Қалалық №2 көпбейінді аурухананың аумағы жаңа корпуспен толықпақ. Болашақ нысанның орнына капсула салынып, құрылыс жобасы таныстырылды. Төрт қабатты ғимарат 80 төсек-орынға есептелген.

Олжас Тәжібаев, қалалық құрылыс басқармасының басшысы:

ЕРС контрактыда бұл кісілер жобалаумен қатар құрылыс жұмыстарын да толық бірге жүргізеді. Бүкіл жұмыстарға 16 ай қажет. Қосымша ғимаратымыз 80 койка-мест. Құрал-жабдықтар бәрі осы сумманың ішіне кіреді.

Жаңа ғимаратта заманауи күтім бөлімдері жұмыс істейді. Мұнда инсульт пен инфаркт алған, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастарға қажетті медициналық көмек көрсетіледі.


Бөлісу