Басты Жаңалықтар Газ саласының үздіктері анықталды

Газ саласының үздіктері анықталды

Түркістан облысында жылдағы дәстүрге сай газ саласының үздік мамандары анықталды. «Интергаз Орталық Азия» ұйымдастырған кәсіби шеберлік байқауына еліміздің әр өңірінен келген 100-ге жуық жұмыскер қатысты. Өңірлік кезеңдерде топ жарған мамандар финалда 14 номинация бойынша бақ сынасып, өз білімі мен тәжірибесін сарапқа салды.

Екі күнге созылған байқауда мамандардың теориялық білімі өндірістік алаңдағы сынақпен жалғасты. Күнделікті жұмыста қалыптасқан машық бұл жолы жарыс жағдайында сараланды. Мұнда қауіпсіздік пен дәлдікке қоса, уақыт талабы да қатаң сақталды. Технологиялық қондырғылар машинисі Жағалбайлы Әлібеков осындай сыннан сүрінбей өтіп, өз номинациясында топ жарды.

Жағалбайлы Әлібеков, технологиялық қондырғылар машинисі:

Электр жетекті газ айдау агрегатын жөндеуден резервке шығардық, дайындадық. Толқығаным соншалық, аяғымды қалай басатынымды ұмытып қалғандай болдым. Кубоктің Ақтауға бұйырғанын жариялағанда, біз командамен тіпті өзімізге өзіміз сене алмай, қойылған әнге билеп кеттік.

Байқау аясында әр өңірден келген мамандар өндірістегі озық тәсілдерімен бөлісіп, әріптестерінің жұмысымен танысты. Ал биылғы додада жаңа технологияларға да назар аударылды. Қатысушылар жасанды интеллект құралдарын өндірісте қолданудың мүмкіндіктерін көрді.

Абзал Кисметов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

Қатысушылардың жылдан жылға шеберлігі өсіп жатыр, мұны сеніммен айта аламыз. Енді келесі жылға ЖИ енгізу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жұмысшы бабымен келіп тұр ғой, осы қорытынды бойынша байқаудан кейін олар инженерлік техникалық санатқа дейін көтеріле алады.

Байқау қорытындысында 14 номинация бойынша үздіктер анықталып, жеңімпаздар дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды. Ал жалпы командалық есепте «Ақтау» магистральдық газ құбырлары басқармасы оза шауып, «Үздік маман» ауыспалы кубогын иеленді.

Бөлісу