Басты Жаңалықтар «Қазатомөнеркәсіп» ҰК 27 кен орнында уран өндіреді

«Қазатомөнеркәсіп» ҰК 27 кен орнында уран өндіреді

Қазақстан табиғи уранның барланған қоры бойынша әлемде 2-орынға тұрақтады.  «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы  бастапқы уран өндіру көлемінің шамамен 40%-ын қамтамасыз етіп келеді. Қазір алып өндіріс орны еншілес, тәуелді және қауымдастырылған кәсіпорындарымен бірге 27 кен орнын игеруде.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясына еншілес серіктестіктердің бірі 20 жылдан бері Батыс Мыңқұдық кен орнында уран өндіреді. Мұндағы 150 жұмысшы жерасты ұңғымаларын шаймалау әдісімен  бұрғылап, жұмыс істейді. Мамандардың сөзінше, Созақ ауданындағы уранның қоры 31 мың тоннадан асады. 

Әйгерім Дүкенбаева, Геологиялық-геотехнологиялық қызмет бастығының орынбасары:

Жылына өзіміздің межеленген жобамыз бар, мөлшерлеме. Ол 800 тонна. 14 бұрғылау қондырғысы жұмыс істеп келеді. Ұңғымаларымыз 350-ден бастап 410 метр тереңдікте орналасқан. Дәл сол тереңдікте уран орналасқан өнімді қабат бар. Сол өнімді қабатты бақылау үшін бақылау ұңғымалары да бар.

Компания елдің уран қорларын тиімді әрі ұтымды пайдалану үшін  минералдық-шикізат базасын кеңейтіп отыр. Алдағы жылдары геологиялық барлау жұмыстарына тартылатын инвестицияны едәуір ұлғайтуды көздейді. Өндіріс орындары қазір жаңа технологиямен жұмыс істейді, қоршаған ортаға қауіпсіз болатын қондырғыларды орнатқан. Сорғылау стансалары мен  құмды тұндыру орындары, ертінділерді өңдеу цехтары сандық жүйеге көшкен.

Қанат Қалиев, өнімді ерітінділерді өңдеу учаскесінің бастығы:

Бұрғылау стансасының барлық жұмысын осы жерде аппарат өзі бақылауда ұстап отырады. Бұл жерде адамның күші керек емес. Барлығын аппарат бақылауда ұстап, жабатынын жауып, керек параметрдің барлығын өзі өзгертіп отырады. Жұмыстың барлығы осы жерде жүргізіледі.

Әлемде қазақстандық уранға деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Қазірдің өзінде дүниежүзіндегі  атом электр станцияларының операторлары «Қазатомөнеркәсіптің» дайын өнімін қолданады. Компания негізінен Азия, Еуропа және АҚШ-қа өнім экспорттайды. Былтыр 8 елге саудалаған. Ал 2018 жылы IPO-ға шыққалы оның нарықтық капитализациясы жеті есеге өскен.

Жұмағали Маркенбаев, серіктестіктің бас директоры:

Біздің қазіргі шығарып жатқан өнім әлемдік сапаға сай келеді. Соңғы ендіргеніміз сол сапаны ұстап қалу және де үнемдеу болып саналады. Яғни бастапқы бағытымыз сол стандартты сақтай отырып, пиаксид қондырғысын аммиакты қондырғыға ауыстырдық. Ол тікелей шетелге экспортқа дайын.

Кәсіпорын сондай-ақ жұмысшыларға да қолайлы жағдай жасап отыр. Жатын орындары мен демалыс бөлмелері жанға жайлы. Өндіріс орны сондай-ақ жергілікті тұрғындарға қолдау көрсетіп келеді. Денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, тұрғын үй құрылыс және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға елді мекендерді абаттандыруға қаржы құяды.


Бөлісу