Басты Жаңалықтар Инвестиция игілігі

Инвестиция игілігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында елдегі инвестиция саясатын сынға алып, өңдеу өнеркәсібіне көбірек қаражат тартуды міндеттеді. Себебі бұл салада әлі күнге дейін шикізат секторының үлесі басым. Өңірлердің  де  өндірістік әлеуеті артуы тиіс. Ал ондағы инвестициялық климат қолайлы ма?

Мәдина Нағашыбай, тілші:

Аграрлы аймақ енді өндірісті өлкеге айналып келеді. Былтыр инвесторлар Қостанайға, 337 млрд теңге қаражат құйып, 12 жобаны жүзеге асырды. Салымның алпауыт бөлігі мына машина жасау саласында. Соның ең ірісі – біз тұрған жүк көлігіне бөлшек шығаратын зауыт. Жалпы  инвестиция көлемі 200 млрд теңгеден асады.

Алексей Котов, өндіріс орнының бас директоры:

Түрлі автокөліктерге арналған цилиндр блоктары мен құйма көпірлер өндіреміз. Құю зауытының жылдық өндірістік қуаты – 45 мың тонна, ал басты берілістер зауыты 70 мың редуктор шығарады. Бүгінде  заманауи технология арқылы, көпірді бір қалыпқа құйып, тұтас дайын бұйым ретінде шығарамыз.

Инвестиция – өндірісті бюджетке салмақ салмай, шетелдік капитал арқылы дамытудың тиімді тетігі. Басты игілігі – кәсіпорындарға жаңа технологиялар енгізіліп, жергілікті халық үшін тұрақты жұмыс орындары ашылады. Былтыр облыста іске асқан инвестжобалардың арқасында 3 500 адамға жұмыс орны табылды.

Жолдас Нұғманов, жұмысшы:

Жұмысшыларға жағдай өте әдемі. Тамақ тегін, жұмысқа тегін апарады. Автоматикамен жұмыс істейміз, қолмен же жұмыс істейміз. Кіргенде өздері оқытты, мен тез үйреніп алдым. Көп пайызы жастар олар колледжден кейін келеді, университеттен кейін келеді.

Қала іргесіндегі аумағы 400га  индустриалды алаңда барлығы 15 жоба жоспарланса, бүгінде соның 11 жүзеге асты. Өндіріс көлемі артқан соң, логистикаға да салмақ түсері анық. Сондықтан жылына 400 контейнер тасымалдайтын құрғақ порттың құрылысы 2027 жылға дейін аяқталуы тиіс.

Ділдәбек Масалимов, облыстық Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы бөлімінің басшысы:

Мемлекет тарапынан өңірлік деңгейде  жер телімі бөлініп, электр, су, автожол және теміржол инфрақұрылымы тартылады. Биыл жоспар бойынша, машина жасау, жаңартылатын энергия, құрылыс, агроөнеркәсіп және химия салаларында 20 жоба іске асырылады.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда соңғы 30 жылда 350 млрд доллардан астам инвестицияның 90 пайызы тау-кен, мұнай, газ саласына бағытталған. Дей тұрғанмен, кейінгі уақытта, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, транспорт-логистика салаларына да едәуір қызығушылық байқалады. Сондықтан алдағы Қазақстан моделі – өңірлерді дамыту арқылы жүзеге асу тиіс.

Мақсат Халық, экономист:

Мұндай геосаяси жағдайлардың ауытқымалы болған жағдайда өте теңгерімді саясат жүргізу маңызды. Ең маңыздысы – инвесторларға қолайлы инвест климатты қалыптастыру. Яғни оларға заң үстемдігін кепілдік қою, сот билігінің әділдігін қамтамасыз ету, сонымен қатар салықтық жеңілдіктерді қарастыру мәселелері алдыңғы шепте тұру керек.

Былтыр Үкімет инвестиция тарту жүйесін жаңғыртып, инвесторларды қорғаудың жаңа тетіктерін енгізді. Бүгінде жалпы құны 73 триллион теңге болатын мыңнан аса жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілді. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың инвесторларға қатысты шешімі енді прокурордың келісімімен ғана қабылданады. Бұл Орталық Азиядағы инсвестиция тарту бойынша көш бастап тұрған елдің  өнідірістік экономикаға бет бұрғанының айғағы.

Бөлісу