Ғалымдар топырақтағы ылғалды ұстайтын тың технологияны тәжірибеге енгізді
Биыл оңтүстікте жауын-шашын мол түсіп, диқандардың еңсесі тіктелді. Бірақ мамандар су тапшылығы күн тәртібінен түспейтінін айтады. Сондықтан бүгінде суды үнемдеп, топырақтағы ылғалды ұзақ сақтайтын технологияға сұраныс артып келеді. Осы бағытта шымкенттік ғалымдар жаңа өнім әзірледі. Тілші Ернұр Уәлихан тарқатады.
Ернұр Уәлихан, тілші:
Мақта жайқалып тұрғанымен аптаптың табы топырақтан анық байқалады. Қатар арасына қарасаңыз, жердің беті әлдеқашан кеуіп кеткен. Сондықтан бүгін жер емген диқан үшін басты мәселе суды жеткізу ғана емес, оның топырақтағы ылғалдылығын барынша ұзақ сақтау. Осы бағытта ғалымдар жаңа шешім ұсынып отыр.
Жердің жайын ордабасылық Бақыт Бектаев жақсы біледі. Ширек ғасырға жуық уақытын егіншілікке арнаған шаруа әр маусымның өз сынағы барын айтады. Биыл 8 гектар жерге жүгері 8 гектарға мақта еккен. Алғаш рет тәуекелге барып, алқабының бір бөлігіне шымкенттік ғалымдар әзірлеген гидрогельді сеуіп көрген. Екі айдың ішінде-ақ нәтижесін көрді.
Бақыт Бектаев, шаруашылық төрағасы:
1 аптадан кейін су бердік, судан кейін гидрогель берілген жақ қатты көтерілді. Көтерілуі, жапырақтың жайқалуы бутондары жаман емес жақсы. Бойы да 80 см жетіп қалды, бұлар шамамен 60 см.
Егістіктегі тәжірибе алдымен зертханадан басталған. Мұхтар Әуезов атындағы зерттеу университетінің ғалымдары гидрогельді мақта мен жүгерінің қалдықтарынан әзірлеген. Экологиялық таза өнім топыраққа тыңайтқыш секілді себіледі. Қазір оның тиімділігі бірнеше өңірдегі шаруашылықтарда тексеріліп жатыр.
Әбдуғани Әзімов,
М. Әуезов атындағы ОҚЗУ «Инновациялық су тазарту жүйелері» ғылыми
зерттеу зертханасының меңгерушісі:
Өзіне 200 литр су ылғалды тартып алады. Ертең құрғақшылық болып жатса, су жетіспеушілігі басталған кезде ылғалды топыраққа беріп отырады. 4 рет суарудың орнына екі есе аз - екі рет суаруға болады. Бір сепкеннен кейін 3 жыл жұмыс істейді. Өнімділік 20 пайыз көбейеді.
Мамандардың айтуынша, гидрогельдің құрамын топырақтың ерекшелігіне қарай толықтыруға болады. Осылайша ол ылғалды сақтап қана қоймай, өсімдіктің қоректенуіне де ықпал етеді. Алғашқы нәтижесі оң болғандықтан, ғалымдар гидрогельді келесі жылдан бастап сатылымға шығаруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы