Datametrics: Қазақстандықтар өмір сапасын оң бағалайды
Қазақстандықтардың басым бөлігі өз өмірін оң бағалайды. Әлеуметтік зерттеу нәтижесі тұрғындардың қазіргі жағдайына қанағаттанатынын және болашаққа сеніммен қарайтынын көрсетті. Сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен 8 мың адам қатысқан.
Ел тұрғындарының тұрмыс жағдайына және болашаққа деген сеніміне қатысты жаңа зерттеу қорытындысы жарияланды. Сауалнаманы Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша DATAmetrics талдау компаниясы жүргізген. Оған еліміздің барлық өңірінен 18 жастан асқан 8 мың адам қатысты. Нәтижесінде азаматтардың 95,2 пайызы өз өміріне көңілі толатынын айтқан.
Рауан Қалиев, cаясаттанушы:
Жан-жаққа қарасақ, бүкіл жерде дағдарыс болып жатыр, соғыс болып жатыр, көрші елдерде соғыс болып жатыр, бензин жетіспей жатыр. Соның бәрін қосқанда, еліміздегі тұрақтылыққа қарап, риза боласың, шынында да. Бізде жұмыс орындары ашылып жатыр. Жұмыс істеймін деген адам жұмыс табады. Оның үстіне бізде жастарға бағдарламалар бар. Отбасылар өзіне баспана алуға тырысады.
Зерттеу қорытындысы бойынша, респонденттердің 67,6 пайызы соңғы бір жылда жанұяның материалдық жағдайы жақсарғанын айтқан. Ал 25,5 пайызы ешқандай өзгеріс болмағанын жеткізсе, 6,6 пайызы жағдайының нашарлағанын көрсеткен. Экономистің айтуынша, халықтың оң пікір білідіруіне бірнеше критерий ықпал етеді.
Ләззат Нұрғалиқызы, экономист:
Жалпы, ішкі өнім өсіп жатыр, ол халыққа өзінің ішінара көмегін көрсетіп жатыр. Бірақ дегенімен де халықтың өмір сүру сапасының жақсы болуы, тұрақты жұмыс, сапалы жұмыс болуы керек, жалақысы жақсы болуы керек және де олардың инфляциясы тұрақты болып, баға тұрақты болуы керек.
Көпшілік ертеңгі күнге де үлкен үмітпен қарайды. Зерттеуге қатысқандардың 78,6 пайызы алдағы бір жылда отбасының тұрмыс-тіршілігі жақсара түседі деп сенетіні айтқан.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы