Басты Жаңалықтар Түркістан облысында астық орағы қыза түсті

Түркістан облысында астық орағы қыза түсті

Түркістан облысында астық орағы қыза түсті. Кейбір шағын шаруашылықтар жиын-терімді аяқтап, дәнді қамбаға құйып үлгерген. Ал өңірдің басым бөлігінде науқан әлі жалғасып жатыр. Қазір диқандар әр гектардан 30-40 центнерге дейін өнім алуда. Алқаптағы ахуалды аймақтағы әріптесім тарқатады.

Сауран ауданындағы Иқан ауылдық округінде астық орағы қарқын алған. Ширек ғасырдан бері дәнді дақыл өсірумен айналыстаын Әбдуали Әкірамов биыл 100 гектар алқапқа бидай еккен. Көктемгі жауын-шашын мен ылғалдың мол түсуі нәтижесінде әр гектардан 40 центнерге дейін өнім жинап жатыр. Жер емген диқан, биылғы өнім соңғы бірнеше жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі екенін айтады.
Әбдуәлі Әкірамов, шаруашылық төрағасы:
Біз осы «Стекловидті» егеміз, бұнда мынадай қылтанақтар көп болғаны үшін құстар қонып, жей алмайды. Сол үшін біз осы сортты көп егеміз. Бұл біздің табысымызды арттырып жатыр құда қаласа. Мысалы басқа сортқа қарағанда суды жақсы көтереді. Бойы 1 метр, 1 метр 20 см дейін өсе береді. Бұл бидайдың колориясы күшті бұның, мал бордақылауға жақсы бұл.
Облыста биыл масақты дақылдар 265 мың гектар алқапқа егілген. Оның 216 мың гектарына бидай, 49 мың гектарына арпа себілген. Қазір егін орағы өңірдің барлық ауданында қатар жүріп жатыр. Былтыр өңірде 700 мың тоннадан астам астық жиналса, биылғы көрсеткіш одан жоғары болады деп күтілуде.
Бақкелді Үмбет, а/ш басқармасының бас маманы:
Бүгінгі күнгі мәліметке сәйкес, орташа түсімділігі гектарына 15 центнерді құрап отыр. Біз шамамен бидайдан 800 мың тонна, арпаны 200 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Былтыр масақты дақылдардың орташа түсімділігі гектарына 9,5-10 центнерден болса, биыл 15 центнерден жоғары болады деп күтудеміз. Кейбір суармалы егіс алқаптарында одан да жоғары болуы мүмкін.
Егін орағын уақытылы аяқтау үшін шаруаларға мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр. Олар субсидиямен қатар жеңілдетілген бағамен жанармай алады. Биыл бұл мақсатқа өңірге 98 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген.


Бөлісу