Құрылтай сайлауы: Конституциялық негіздер және саяси трансформация
Бүгін Астанада «Құрылтай сайлауы: конституциялық негіздер және саяси трансформация» тақырыбында сарапшылар алаңы өтті. Іс-шара барысында конституциялық реформаның негізгі бағыттары талқыланды. Сондай-ақ жиналғандар конституциялық соттың кешегі түсініктемесіне қатысты пікір білдірді.
Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты және Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған жиынға елімізге танымал сарапшылар жиналған. Олар құрылтай сайлауы жайлы пікірлерін ортаға салды. Саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай «Құрылтай барлық мемлекеттік институттың легитимділігінің бастауы болады», - дейді.
Бақытжан Бұқарбай, саясаттанушы:
Ең алғашқы институт болып құрылу тарихы Құрылтайға бұйырып отыр. Осы конституциялық реформадан кейін. Сондықтан Құрылтайдың қазір қалыптасайын деп отырған саяси архитектураның сызбасындағы маңызы өте зор. Барлық мемлекеттік институттың легитимділігінің бастауы болмақ.
Конституциялық соттың түсініктемесі - заң үстемдігінің көрінісі
Президент лауазымды тұлғаларды тағайындау алдында Конституциялық сотқа жүгініп, 1995 жылғы Конституцияға сәйкес қызмет атқарған адамдарды қайтадан сол лауазымдарға тағайындауға бола ма деген сұраққа жауап беруді сұрады. Жауап кешегі ресми түсініктемеде айқын жазылған.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісі VIII шақырылымының депутаты:
Президент ғана емес, көптеген лауазымды тұлғалар бар. Президент тағайындайтын, құрылтай тағайындайтын. Олардың тағдыры бойынша сұрақтар пайда болған еді. Олардың осыған дейін істеген еңбегі, өтілі ескі Конституцияның есебімен есептелу керек пе, әлде жаңасымен есептеу керек пе деген сұрақ туындады. Сол себепті президент осы конституциялық сотқа жүгінді, кеше ғана жауабын көрдіңіз, оның ішінде, менің ойымша, барлығы айқын, анық айтылған. Бірақ бұл міндетті түрде еркін болатын сайлау, арғы күні болатын сайлау деген сөз емес. Бұл - конституциялық мүмкіндік. Яғни, заңдық процедуралардың тәпсірлеуі деп айтуға болады.
Сарапшылар конституциялық соттың түсініктемесі заңның нақты үстемдігін көрсетіп отырған жауап дейді. Конституция – жай ғана заңдық құжат емес. Бұл – мемлекет пен азаматтар арасындағы қоғамдық келісім, ол ел дамуының жаңа кезеңіндегі билікті ұйымдастыру қағидаларын айқындайды.
Риззат Тасым, саясаттанушы, институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры:
Жаңа Констиуция күшіне енгеннен кейін ол автоматты түрде инстуционалды жаңаруға әкеледі. Маңдаттардың да жаңаруы бұл конституциялық логикаға құқықтық тұрғыда сәйкес келеді. Өйткені сіз жаңа Конституция қабылдай отырып, ескі тәртіптермен, ескі қағидаттармен жұмыс істей алмайсыз. Бұл тұрғыдан Конституциялық Соттың нормативтік құқықтығында бірізділік бар.
Ермек Әбдірасулов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы:
Біз, біріншіден, жаңа Конституцияны қабылдадық. Ол ескі Конституцияны өзгерту емес, ол нақты жаңа Конституция, жаңа кезең басталады. Сол кезде әрбір көрсетілген мерзім таза беттен басталады деп санау.
Жаңа Конституция қабылданды. Демек, жаңа қағидалар салтанат құрады. Бұл мемлекеттік органдардың өкілетігіне, басқару жүйесіне, саяси институттарға және жоғары мемлекеттік билікті қалыптастыру тәртібіне қатысты ереже. Сондықтан жаңа конституциялық циклдің басталуын жаңа қағидалардың әрекет етуінің басталу нүктесі ретінде қарастыру қисынды. Түптеп келгенде, шешімді әрқашан азаматтар қабылдайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы