Басты Жаңалықтар Түркістан облысында 100-ге жуық мектеп жөнделіп жатыр

Түркістан облысында 100-ге жуық мектеп жөнделіп жатыр

Түркістан облысында жаңа оқу жылына дайындық қыза түсті. Қазір өңірдегі 100-ге жуық мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Олардың басым бөлігі ондаған жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 12 миллиард теңге бөлінген.

Сауран ауданындағы Молда Мұса атындағы мектеп өткен ғасырдың 80-жылдары бой көтерген. Арада қырық жылдан астам уақыт өтсе де, білім ордасы бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Қазір ғимараттың тозығы жөткен бөліктері толық жаңартылып жатыр.

Өркен Шүленбаев, мектеп директоры:

Едендеріміз шұрық-тесік болып, терезеден жел уілдеді. Бұрынғы ағаш терезе және шатырымыздан әр жерден су кетті. Одан қалса, қатты желде шатыр ұшып, бірлі-жарым арасында. Шипырдың бәрі күнге күйіп кеткен еді. Жылу жүйеміз тозып, мектеп салқын болатын. Жылу жүйесінің бәрі шіріп, жарамай қалған еді.

Жөндеу жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында былтыр басталған. Алғашқы кезеңде оқу корпусы жөнделсе, биыл кітапхана, спорт пен акт залдарн  ретке келтіріп жатыр. Жобаға республикалық бюджеттен 777 млн теңге бөлінген.

Олжас Шайхиев, мердігер мекеменің өкілі:

Қабырғаның жұмысы бітті. Қазір монтаж жұмыстарына көштік. Терезе ауысады бізде, еденді бұзамыз. Іште спорт залдың еденін ауыстырамыз. Кітапхананң жұмыстары бар. Сыртта қасбеті қапталады, асфальті, абаттандыруы бар. Шатырдың жұмыстары бар. Тамыздың 20-на аяқтаймыз.

Қазір өңірдегі 1106 мектептің 98-і  жөнделіп  жатыр. Сондай-ақ биыл 110 білім беру ұйымы табиғи газға қосылып, сегіз жаңа мектеп ел игілігіне беріледі.

Ғалымжан Орынов, облыстық Білім басқармасының басшысы:

Оның ішінде өткен жылдан келе жатқан 18 реновация мектебі бар. Қалған 38 күрделі жөндеуден өтуі тиіс мектептің 35-нің биыл жұмысы басталып, келесі жылға өтпелі. Сонымен қатар облыста 8 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Былтыр басталған, биылғы жылы құрылысы аяқталып, қабылданатын болады.

Жаңа оқу жылына дайындық Шымкентте де қарқын алған. Биыл мегаполистегі жеті мектеп жаңа кейіпке енеді. Бұл мақсатқа бюджеттен 6 миллиард 357 миллион теңге бөлінген. Жоба аясында ғимараттардың шатыры, жылу жүйесі, қасбеті мен ішкі әрлеуі толық жаңартылып, білім ошақтары заманауи талапқа сай қайта жабдықталмақ.

Бөлісу