Басты Жаңалықтар Халықтық Конституция күшіне енді

Халықтық Конституция күшіне енді

Жаңа Конституция тұғырға қонды. Тарихи құжат жарлықпен бекіп, күшіне енді. Ол Қазақстан азаматының құқықтың қорғаны. Ал осы Ата Заңдағы басты өзгерістер қандай?

Ернұр Медет, тілші:

Тәртіп бар жерде тыныштық һәм тұрақтылық болатыны белгілі. Қазақстан сіз бен біздің хақымызды айқындап, құқығымызды қорғайтын қастерлі құжатты жаңартты. Заман ағымына сай қайта жазылған Ата Заң - теңдіктің темірқазығы. Мемлекеттің мызғымастығын сақтайтын алып тірек.

Конституция әдетте, бірден баптардан басталмайды. Елдің мақсат-мұратын айқындайтын кесек ой-тұжырымнан бастау алады. Оны Преамбула дейміз. Елдің негізгі ұстанымы, қоғамның қай бағытқа бет алғанын баяндайтын саяси-философиялық мәлімдеме. Алғысөздегі «Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтау» деген сөйлем тарихи контексті тереңдете түседі. Сондай-ақ құжатта білім мен мәдениет, ғылым мен инновацияға ерекше көңіл бөлінген.

Жақсыбек Күлекеев, Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі:

Біз тұрақты қоғамды дамытамыз десек, алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарында тұрамыз десек, онда біз ғылымды, инновацияны тұрақты түрде қаржыландыруымыз керек. Ол үшін Конституциялық нормаға осы түсініктер енуі керек деген ұсыныс айтып едім, оны комиссия мүшелері қолдады.

Жаңа Конституция мемлекеттегі басқару жүйесінің негізгі тетіктерін өзгертті. Сенат пен Мәжілістен тұратын Парламент тарих қойнауына кетті. Енді бір палаталы Құрылтай жасақталады. Бұл заң шығару үдерісін жеделдетіп, жұмысты жеңілдетеді дейді, - мамандар.

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты:

Бір заң жобасын Мәжілісте талқылап отырған кезде үлкен күш жұмсалады. Оған тек қана депутаттардың талқылауы емес, сарапшылар келеді. Барлығын бұқаралық ақпарат құралдарына таныстырып журналистер жүр. Бүкіл жұмысқа жұмсалып жатқан бір үлкен күш бар. Тура сол күш, тура сол қалпында екінші рет Сенатта да жүреді. Сонда бұл жерде адамдардың күшін, материалдық күшін болсын, интелектуалдық күш болсын біз үнемдейтін боламыз.

Енді қабылданатын заңның бәрі осы Конституцияға сәйкестендіріледі. Ата Заңның әрбір нормасы мемлекеттік басқару жүйесінде, құқық қорғау саласында және қоғам өмірінің барлық бағытында нақты көрініс тауып, елдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етпек.

Нұрғазы Әнуарбеков, заңгер:

Ендігі кезекте бізде 20-дан астам Кодекс және 300-ден аса заңдар бар. Әртүрлі саланы реттейтін заңдар бар. Яғни солар кезең-кезеңімен практикалық ерекшеліктерді ескере отырып, осы Құрылтайдың жұмысы басталған кезде Үкімет тарапынан жаңа заң жобалары, инсация жасау арқылы өзгерістер енгізілетін болады.

Заңның салмағы оны өмірдің өзегіне айналдырғанда ғана артатыны анық. Енді халықтық Конституцияның нормаларын мүлтіксіз орындау сіз бен бізге ортақ жауапкершілік.

Бөлісу