Басты Жаңалықтар Алаяқтардың дені интернет арқылы арбайды

Алаяқтардың дені интернет арқылы арбайды

Шымкентте интернет-алаяқтық  деректері азаймай тұр. Биылдың өзінде шаһарда 330 киберқылмыс тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға көп. Осыған  байланысты мамандар тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған профилактикалық акция өткізді.

Бозарық шағын ауданының тұрғыны Алмасхан Еспаев алаяқтардың арбауына түсе жаздаған. Айтуынша, өзін дәрігер ретінде таныстырған белгісіз адамдар емханаға жатқызатынын айтып, телефонға келген растау кодын сұраған. Абырой болғанда, ол жақындарының кеңесімен қоңырауды үзіп үлгерген.  

Алмасхан Еспаев, қала тұрғыны:

Больницаға жатқызады екен, кодты айтып жіберіңіз деді. Қазір мен поликлиникаға барғаннан кейін айтамын дедім, бірақ жолдасым алданып жатсың деген соң, ол кісілермен сөйлеспей қойдым.

Алаяқтардың айласына құрық бойламай барады. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында мамандар тұрғындарға киберқылмыстың кең таралған түрлерін түсіндірді. Әсіресе фишингтік сілтемелер мен жалған банк қызметкерлерінің атынан жасалатын қоңыраулардан сақ болу қажеттігі айтылды.

Мақсат Жанысбаев, Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:

Одан бөлек интернет алаяқтар көбінесе дропперлерді қолданады. Өзіне тиесілі есепшотты басқа адамдарға ақшалай сыйақыға сату, өткізу. Қылмыстық кодекстің 232 бабына сәйкес 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Биыл шаһарда алаяқтықтың 943 дерегі тіркелген. Оның дені интернет арқылы жасалған. Қазір кибералаяқтыққа қатысты 142 қылмыстың беті ашылған.

Мырзабек Асылбеков, Абай ауданы прокуратурасының аға прокуроры:

Өздерін лауазымды, танымал тұлғалар ретінде таныстырып инвестицияға ақша салуды сұрайды. Сол мәселе бойынша да көп кеңес сұралы тұрғындар.

Шара соңында тұрғындарға арнайы жаднамалар таратылды. Мамандар бейтаныс нөмірлерден түскен қоңырауларға сақтықпен қарап, жеке деректерді ешкімге жария етпеуге үндейді.

Бөлісу