Қазақстан онкологиялық ауруларды емдеуде жетекші елдер қатарына қосылуы мүмкін
Қазақстан онкологиялық ауруларды емдеу бойынша әлемдегі жетекші елдердің қатарына қосылуы мүмкін. Соңғы жылдары отандық медицинада әлемдік тәжірибелер кеңінен енгізіліп жатыр.
Мәселен бүгінде Ұлттық ғылыми онкология орталығында ядролық медицина, протондық терапия, жасушалық технологиялар, жасанды интеллект және дербестендірілген емдеу тәсілдері қолданыла бастады. Нәтижесінде елімізде қатерлі ісікті ерте анықтау және емдеу мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Толығырақ әріптесім Айнұр Маратқызы тарқатады.
2025 жылғы дерек бойынша, бір жылда елімізде 43 мыңнан астам адамнан қатерлі ісік анықталған. Ал 246 мыңнан астам науқас тұрақты бақылауда тұр.
Қатерлі ісікпен күресте уақыт пен дәлдік аса маңызды. Сондықтан озық технологиялардың қолданысқа енуі отандық медицина сапасын арттырып отыр.
Былтыр күзде Ұлттық ғылыми онкология орталығында еліміздегі бірегей циклотрондық-өндірістік кешен іске қосылды. Мұнда радиофармпрепараттар өндірісі жолға қойылған. Қазіргі таңда олар диагностикада қолданылады. Ал ауруды анықтауда үш түрлі гибридті әдіс бар.
Айнұр Маратқызы, тілші:
Ұлттық ғылыми онкология орталығындағы гибридті позитронды-эмиссиялық және магнитті-резонанстық томография – Орталық Азиядағы бірегей технологиялардың бірі. Бұл зерттеу әдісі бір мезетте ісіктің орналасуын және оның ағзадағы белсенділігін анықтауға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, мұндай нақты диагностика емдеу әдісін тиімді жоспарлап, науқастың сауығу мүмкіндігін арттырады.
Тимур Тагиров, Ұлттық ғылыми онкология орталығының радиоизотоптық диагностика дәрігері:
18F-фтордезоксиглюкоза радиофармпрепаратын орталық базасында өзіміз өндіреміз. Дайын препарат пациентке енгізілгеннен кейін ПЭТ/МРТ зерттеуі жүргізіледі. Бұл тексеру нәтижесінде онкологиялық аурудың сатысын анықтауға, ісіктің қайта пайда болуын бағалауға, бастапқы ошақты табуға және науқасты одан әрі емдеу тактикасын жоспарлауға болады. Қазіргі таңда күніне 7-8 науқас осындай жоғары технологиялық тексеруден өтеді. Ал жалпы барлық әдіс бойынша жыл сайын шамамен 2,5 мың адам тексеріле алады.
Орталықта сондай-ақ төрт заманауи сызықтық үдеткіш, ETHOS адаптивті сәулелік терапия жүйесі және Орталық Азиядағы алғашқы PROBEAM 360 протондық терапия орталығы жұмыс істейді.
Бұл технологиялар ісікке дәл әсер етіп, сау тіндерге келетін зақымды азайтады. Протондық терапия әсіресе балалар онкологиясында тиімді әдіс саналады. 7 айда 120-дан астам науқас жаңа технология бойынша ем алған, ал жыл соңына дейін тағы 50-ден астам балаға көмек көрсету жоспарланып отыр.
Айжан Бимағанова, Ұлттық ғылыми онкология орталығы протонды терапия бөлімшесінің дәрігері:
Фотондық терапиямен ұқсас болғанымен, оның басты артықшылығы – протон сәулесінің энергиясы ісік аймағында дәл тоқтап, айналасындағы сау тіндерге түсетін сәулелік жүктемені азайтады. Протондық терапия науқастың өмір сапасын сақтауға мүмкіндік береді.
Жуырда Ұлттық ғылыми онкология орталығы МАГАТЭ-нің Rays of Hope бағдарламасы аясында болашақтағы Anchor Centre ретінде қарастырыла бастады. Егер келісім сәтті жүзеге асса, Қазақстан әлемдегі 19-шы және Орталық Азиядағы алғашқы халықаралық орталыққа айналмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы