Шымкентте республикалық ақындар айтысы өтті
Шымкентте қала күніне орай республикалық ақындар айтысы өтті. «Шырайлы, шежірелі құтты мекен» тақырыбындағы сөз додасына еліміздің әр өңірінен келген жыр жүйріктері қатысты. Рухани шарада ақындар шаһардың даму қарқынын жырға қосты.
Ұлттық өнерді тамашалауға келген көрермен залға лық толды. Елге белгілі 12 айтыскер жұптасып, сахнада қызу сөз бәсекесіне түсті. Әр ақынның тапқырлығы мен өткір әзілдері өнерсүйер қауымның көңілінен шықты.
Мәнет Шырақбай, Маңғыстау облысының тұрғыны:
Айтысқа қатысушылардың ішінде мықты ақындар бар екен. Соларды тыңдағым келді. Айтысқа қатты көңілім толады. Соңғы айтыстарда айтқан түйнек-түйнек ойлары ешкімді бей-жай қалдырмайды деп ойлаймын.
Айтыстың тізгінін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай ұстаса, қазылар алқасын дәстүрлі өнердің абызы Жүрсін Ерман басқарды. Ақындар айтыс барысында елдік пен бірлік тақырыбын кеңінен көтеріп, қоғамдағы өзекті мәселелерді де назардан тыс қалдырмады.
Біржан Байтуов, айтыскер ақын:
Биылдың өзінде қаламызда қаншама шаруалар атқарылды. Қаншама әлемік деңгейегі саябақтар ашылды. Бұл жұмыстардың барлығы халықтың көз алдында болып жатқан жаңашылдықтар. Сондықтан осындай бір мерекелік көңіл күйде бұны ақындардың жырымен атап өту керек деген былтырдан бері осы республикалық айтыс жолға қойылып жатыр.
Қазылардың шешімімен бас жүлдені Шымкенттік Біржан байтуов жеңсе, бірінші орынды Астаналық ақын Иран-Ғайып Күзембаев қанжығасына байлады. Ұйымдастырушылар жыр додасын енді қала күніне орай дәстүрлі түрде өткізетінен жеткізді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы