Басты Жаңалықтар Шымкентте 4 өндіріс орны ашылды

Шымкентте 4 өндіріс орны ашылды

Шымкентте бір күнде төрт бірдей өндірістік жоба іске қосылды. Салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі қатысып, жаңа нысандардың жұмысымен танысты. Шаһардың өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған инвестициялық жобалардың жалпы құны 13 миллиард теңгеден асады. Толығырақ өңірдегі тілшіміз тарқатады.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында қағаз қалдықтарын қайта өңдеп, картон қаптама шығаратын жаңа зауыт іске қосылды. Кәсіпорын жылына 10 мың тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы. Құны 2,5 миллиард теңге болатын инвестициялық жоба аясында 50 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жарас Ертаев, кәсіпорын құрылтайшысы:

Барлық жерде шашылып жатқан қағаз қалдықтары бар. Осыны қайтадан өңдеуге жіберіп, қаламыз таза болсын деген мақсатта бастадық. Қағазды құр өзін сатпастан коробка шығарып жатырмыз. Негізі сататын жерлеріміз: Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан енді Ауғанстанға да шығарамыз.

Ал «Жұлдыз» индустриялық аймағында шағын және орта бизнеске арналған жаңа өнеркәсіп алаңы пайдалануға берілді. Мұнда жалпы аумағы 50 мың шаршы метрге дейін өндірістік нысандарды орналастыруға мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде төрт жоба жүзеге асырылып жатыр.

Мұхаммедәлі Айылдыз, инженер-технолог:

Станоктарымызбен шығарып жатқан заттарымыз 300-400 тонна аз емес. Сырттан зат алудың қажеті жоқ. Біз шығаратын заттар үшін. Вторичка зат қолданбаймыз, сапа сол үшін жақсы. Дүниежүзінде алып жатқан шикізатымыз бірінші санатта тұрады.

Бұдан кейін қала әкімі аккумуляторларды кәдеге жарату және қайта өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Өндіріс ошағы жылына 50 мыңға дейін аккумуляторды қайта өңдеуге қауқарлы. Жауаптылардың айтуынша, мұндай жобалар шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, өңірдің ішкі өнім көлемін арттыруға ықпал етеді.

Ермек Тұрманов, қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновация басқармасының басшысы:

Өндіріс өнімі жыл санап артып келеді. Жаңа қосылып жатқан жобалардың әрқайсысының өз салалары бойынша үлесі бар. Шағын және орта кәсіпкерліктің өңірлік өнім көлеміндегі үлесі 60 пайызға жақындады. Яғни 57,60 пайыз бұл үлкен көрсеткіш.

Жаңа кәсіпорындар қаладағы өндірістік инфрақұрылымды кеңейтіп, импортты алмастыру үдерісін жандандыруға мүмкіндік береді.. Сонымен қатар, жыл соңына дейін 66 миллиард теңгеге 28 жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде 1500-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ.

Бөлісу