Басты Жаңалықтар «Balkhash Tour Fest» фестивалі басталды

«Balkhash Tour Fest» фестивалі басталды

Дәл қазір Қарағанды облысындағы Балқаш көлінің жағасында «Balkhash Tour Fest» туристік фестивалі өтіп жатыр. Биыл төртінші рет ұйымдастырылған ауқымды шараға 70 мыңнан астам қонақ келеді деген болжам бар. Бұл тек музыкалық шоу емес, өңір туризмін дамытудың басты драйверіне айналып отыр.

Асылбек Данияр, тілші:

Атмосфера тамаша! Нағыз жаздың драйвы сезіледі. Бұл фестивальді туристік маусымның ресми басталуы деп айтсақ болады. Қонақтардың арасында тек жергілікті тұрғындар емес, Алматы, Астанадан келген қонақтар мен шетелдік туристер де бар. Мұнда әртүрлі бағытта іс-шаралар өтіп жатыр. Оның арасында халықаралық еріктілер форумы, экологиялық сағат, спорттық және интеллектулдық сайыстар бар. Одан бөлек, биыл жергілікті тауар өндірушілерге де басымдық беріліп отыр. Кәсіпкерлер үшін арнайы «Made in Balkhash» алаңы құрылған. Тағы маңызды жаңалық - Ақшағыл жағалауындағы фестиваль алаңы екі күнге емес, жаз бойы демалыс орны ретінде қызмет көрсетпек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат — Балқашты еліміздің ең үздік туристік кластерлерінің біріне айналдыру.

Ирина Любарская, Қарағанды облысы туризм басқармасының басшысы:

Біз фестивальді бірінші рет өткізгенде бұл жер жай ғана дала еді, ешқандай инфрақұрылым болған жоқ. Ал қазір қараңызшы, осы шараның арқасында бизнес өкілдері өңірдің әлеуетіне сенім білдіріп, соңғы екі жылда үш бірдей ірі демалыс аймағын ашты. Қазір мемлекет туристік аймаққа су, жарық және кәріз жүйесін жүргізу жұмысын қолға алып отыр. Қызығушылық танытып жатқан инвесторлар қатары артып келеді. Мәселен, соңғы жылдары инвестиция көлемі 2-ден 30 миллиард теңгеге дейін өсті. Біз бұл көрсеткіштермен тоқтап қалмаймыз, әрі қарай да жұмыс істейміз.

Сонымен бірге, басқарма басшысы былтыр Балқашқа 180 мыңнан астам турис келгенін айтты. Биыл бұл көрсеткіш 20%-ға артуы мүмкін, дейді. Жалпы фестиваль барысында әлемдегі ең үлкен бургер әзірленбек. Ұйымдастырушылар оны Гиннестің рекордтар кітабына енгізуді жоспарлап отыр. Сол үшін халықаралық ұйым өкілдері де шақыртылыпты. Айта кетейік, екі күнге созылатын шараның бағдарламасы ауқымды. Келушілерді алда еліміздің эстрада жұлдыздарының қатысуымен болатын концерт күтіп тұр. Сонымен бірге, түнгі 11-де дрондар шуы да ұйымдастырылады.


Бөлісу