Шымкентте қала күні қарсаңында бірқатар нысан ашылды
Шымкентте қала күні қарсаңында бірқатар әлеуметтік және қоғамдық нысандар ашылды. Мегаполисте тұрғындар өтінішімен мәдениет үйі бой көтеріп, шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған гүлдер аллеясы жұмысын бастады. Ал Shym City шағынауданында жаңа саябақ ел игілігіне берілді.
Текесу тұрғын алабында жаңа мәдениет үйі есігін ашты. Әлеуметтік нысан халықтың өтініші бойынша бой көтерді. Шаһар басшысының тұрғындармен кездесуінде көтерілген бұл мәселеге демеушілер қолдау көрсетті. Енді мұнда түрлі үйірмелер ашылып, мәдени-көпшілік іс-шаралар тұрақты түрде өтеді.
Қалипа Есқұлова, қала тұрғыны:
Бұл жерден музыкалық үйірмелер ашылса, сондай-ақ шахмат үйірмесі ашылып балалар ойнап жатыр екен. Немерелерім соның барлығына қатысып, өнерлі болса деймін.
Астана шағынауданында бой көтерген гүлдер аллеясына инвесторлар 1 миллиард теңге қаржы салды. Жалпы аумағы 3 мың шаршы метр болатын заманауи кешен гүл сатушыларды бір алаңға шоғырландырып, сауда қызметін жүйелеуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жоба аясында 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылады.
Ермек Тұрманов, қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:
Өздеріңіз білесіздер, қалада гүл сатумен айналысатын кәсіпкерлер өте көп. Әрқайсысы әр жерде шоғырланған. Барлығы бір жерде шоғырланып, бір жерде сатқандықтан олар да бәсекеге қабілетті болады. Және олар халық тұтынатын кезде олар біледі қайда бару керек екенін, қай жерде көп ассортименттер бар болады.
Шаһардағы ірі демалыс орындарының бірі – «Shym City» саябағының үшінші кезеңі аяқталды. Жоба аясында 4,2 гектар аумақ толық абаттандырылып, жасыл желекпен көмкерілді.
Бұхарбай Парманов, қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы:
Көріп жатырсыздар жас балаларға көптеген ойын алаңшалар ашылып жатыр. Бұның барлығы заман талабына сай. Сонымен қатар тұрғындардың сұранысына сай жасалып жатқан дүние. Абаттандыруы бар, суарып, қарауы бар. Жалпы күтіп-баптау жұмысының барлығы Жайлы орта басқармасына беріледі.
Жауаптылардың айтуынша, қала күні қарсаңында пайдалануға берілген нысандар мегаполистің әлеуметтік дамуына үлес қосып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы