Басты Жаңалықтар Жауапты әке – тұрақты қоғамның тірегі

Жауапты әке – тұрақты қоғамның тірегі

Баланы бағып-қағу – тек ананың міндеті емес. Отбасындағы әкенің орны мен жауапкершілігін арттыру – бүгінгі күннің басты талабы. Астанада өткен «Жауапты әке – тұрақты қоғамның тірегі» атты форумда осы мәселе кеңінен талқыланды. Сонымен бірге, жиынға қатысушылар отбасылық құндылықтарды сақтап, жас ұрпақты жат қылықтардан қорғау жайына да ерекше назар аударды.

Елордада алғаш рет ұйымдастырылған форумаға 300-ге жуық адам қатысты. «TedX» форматында өткен жиында түрлі сала сарапшылары әкелік институтты жаңғырту жолдарын қарастырды. Қатысушылар баланың тұлға болып қалыптасуындағы ата-ананың, әсіресе әкенің күнделікті өнегесі маңызды екенін жеткізді.
Бекдайыр Күзембай, «Әкелер одағы» РҚБ Астана қалалық филиалының төрағасы:
Қазіргі таңда әкелердің жауапкершілігі артуда және де әкелердің бала тәрбиесіне, қоғамдық жұмысқа атсалысуында оң динамика бар. Негізгі тақырып тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес. Лудомания, нашақорлық сондай кеселдерге жол бермеу, соған байланысты осы форумда әкелерді жауапкершілікті арттыруға шақырамыз.
Жиын барысында елге танымал қоғам қайраткерлері де өз тәжірибелерімен бөлісіп, құнды пікірлерін білдірді. Соның бірі Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев.
Қанат Айтбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Жалпы бала көргенін айналадан, отбасыдан бойына сіңіріп алатын аппақ парақ секілді ғой. Сондықтан да қоғам болып ел болып бала тәрбиесіне барлығымыз атсалысуымыз керек. Бұл жерде мектептің де, көшенің де, отбасыдағы ортаның да маңызы өте зор.
Форум соңында жиылғандар балалардың құқығын қорғау мен отбасы институтын нығайтуға бағытталған жаңа бастамаларды ұсынды.


Бөлісу