Мас жүргізушілердің кесірінен 8 адам қаза тапты
Жыл басталғалы мас жүргізушілердің кесірінен 165 жол апаты болып, 8 адам ажал құшты. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ішімдік ішіп, рөлге отырған 9 мың жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылған. Әрқайсы 15 тәулікке қамалып, 7 жыл жүргізуші куәлігінен айырылған. Алайда, қатаң жаза мен айыппұл кей жүргізушілер үшін сабақ болмай тұр.
Наурыз. Алматы. Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты. Мас күйінде сағатына 209 шақырым жылдамадықпен жүйткіген Zeekr көлігінің жүргізушісі екі жаяу жүргіншіні қағып, тағы көлікпен соқтығысты. 3 адам ажал құшты.
Дәл осындай қайғылы жағдай 10 күн бұрын Арыста қайталанды. 52 жастағы мас әйел тізгіндеген көлік үйдің қоршауын бұзып өтіп, ауладағы 5 адамды соқты. Оның үшеуі бақилық болды: 30 жастағы жүкті әйел мен оның екі жасар ұлы және көрші үйдің бес жасар қызы.
Ішкі істер министрлігінің өкілі мас жүргізушілердің кесірінен болатын жол апаты былтырмен салыстырғанда 20 пайызға азайғанын айтады. Десе де, көрсеткіш әлі де алаңдатарлық.
Айдын Оразбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы:
Мас күйінде жасалған жол-көлік оқиғаларының барлығы қасақана қылмыс ретінде қарастырылады. Көлікті мас күйінде басқарып келе жатып жол-көлік оқиғасын жасаса, соның салдарынан адам қаза тапса, жүргізушіге қатысты 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Министрлік өкілі мұндай қылмыс жасағандардың жазадан құтылмайтынын қаперге салады. Тіпті, жәбірленуші тарап кешірім берсе де... Өйткені, 1 адамның жауапсыздығы орны толмас қасіретке әкеледі. Рөлге отырған әрбір жан – тек өзінің ғана емес, өзгенің де тағдырына жауапты екенін ұмытпауы тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы