Басты Жаңалықтар Ерекше балаларды оңалтуға арналған жаңа жоба іске асуда

Ерекше балаларды оңалтуға арналған жаңа жоба іске асуда

Елде ерекше күтімді қажет ететін балаларды оңалту түрлері көбейіп  келеді. Қозғалысы шектелген жеткіншектер үшін емдеу енді тек орталықтармен шектелмей, үй жағдайында да үздіксіз жалғасады. Мемлекет қолдауымен қолға алынған бастама алғашқылардың бірі болып Шымкентте жүзеге асты. Арнайы жабдықтың көмегімен жаттыққан балалардың бірқатары аяққа тұрып, алғашқы қадамын жасаған. 

Шаһардағы оңалту орталығында 13 жастағы Мәди жыл сайын ем қабылдайды. Биыл мемлекет тарапынан оған үйде қолдануға арналған арнайы тренажер берілді. Үздіксіз жаттығудың нәтижесінде жеткіншек аяққа тұруға талпынып жүр. Анасы бұл өзгерісті нақты ілгерілеу деп бағалайды.

Аида Серікова, қала тұрғыны:

Мұндай аппараттар тек ағаш түрінде болған, оның өзін Шымкент қаласында бір кісі жасап сататын. Оған қарағанда осы аппараттар өте ыңғайлы, өйткені бұл көп деңгейлі аппарат болғандықтан, баламның жағдайына, еңгейіне қарай қолдануға болады. Градус бойынша баланы тұрғызуға үйретуге дайындалған.

Жоба Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Шымкент - бұл бастаманы алғаш қолға алған өңірлердің бірі. Пилоттық кезеңде қозғалысы шектелген балалармен жұмыс оң нәтижесін көрсетті. Өздігінен отыра алмайтын науқас жарты жыл ішінде отыруды үйренсе, бір жылда алғашқы қадамын жасаған.

Салтанат Ыбыраева, Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы ҚФ директоры:

Ата-аналарға «Социум» қосымшасын жүктеліп, сол арқылы балаларды бақылауда ұстап отырамыз. Өзінің логин-паролі беріледі. Сол жерде күнделікті берілген сілтеме бойынша салып отырады. 5 минуттық видеолар бар және де суретпен есеп жібере алады. Біз соны «Социум» бағдарламасының базасынан бақылап отырамыз.

Жоба аясында Шымкентте 250 бала қамтылса, оның жүзге жуығы өздігінен жүріп, тіпті өзіне қызмет көрсетуді меңгерген. Мамандар мұны жүйелі жұмыспен байланыстырады. Балалар үйде ата-анасымен бірге жаттығып, орталықта мамандар бақылауында болған.

Туабітті естімейтін балалар да орталықта оңалту курсынан өтіп жүр. Оларға мемлекет есебінен ота жасалып, кохлеарлық имплант қойылған. Соның арқасында балалар дыбысты ести бастады. Қазір мамандар оларды сөйлеуге үйретіп, күнделікті өмірге бейімдеп жатыр.

Замира Орысбаева, қала тұрғыны:

Осы орталыққа келіп жатқанымызға бес жыл болды, өте жақсы нәтиже болып жатыр, біз бірінші сыныпты бітірдік, жалпы орта мектепке барамыз, екінші сыныпқа өттік. Балам нейросенсорлық кереңдік 4 дәреже, екі құлағына да қойылған, бір құлағына ки аппараты бар, қазір өте жақсы деп айта аламын.

Ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған оңалту мүмкіндіктері алдағы уақытта кеңейеді. Қазір Шымкентте 150 орындық заманауи реабилитациялық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Жаңа нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.


Бөлісу