Элизабет Тұрсынбаева - Сыр елінің мақтанышы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Элизабет Тұрсынбаева - Сыр елінің мақтанышы

10.01.2014
Элизабет Тұрсынбаева - Сыр елінің мақтанышы

Мәнерлеп сырғанаудан әлемдік Гран-при додасының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаеваны Сыр   жұртшылығы мақтан етеді.  Элизабет Мәскеуде туып-өскенімен, оның әкесі Байтақ Тұрсынбаев Қызылорданың тумасы.

 
Сондықтан да, байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатып жүрген жас спортшыны сырбойылықтар өзіне жақын тұтып, оның өнерін үлгі етеді.
 
Небәрі 13 жаста болса да, Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанау өнерінің хас шебері.   Еліктің лағындай сүйкімді қылығымен көрерменді еріксіз елітеді. Әрбір ырғақты қимыл-қозғалысы, мұзда сырғанау әдіс-тәсілі ерекше.
 
Элизабет осы кезге дейін Ресей, Германия ашық біріншіліктерінде топ жарып, жүлдегер атанды. Ал жуырда Беларусь астанасы Минскіде өткен әлемдік Гран-придің күміс жүлдесін жеңіп алды.
 
Элизабет Тұрсынбаева, мәнерлеп сырғанаудан әлемдік Гран-придің күміс жүлдегері:
Үлкен жарыстарда Қызылорда облысы деген жазуы бар тақтайшаны жалғыз өзім ұстап тұратын едім. Енді міне, мұнда да өте жақсы мұзайдын ашылыпты. Өте қуаныштымын. Болашақта осы кешеннен үлкен спортшылар өсіп шығып, қатарымыз көбейеді деген сенімдемін.   
 
Элизабет ата-бабасының кіндік қаны тамған өлкеге келгенде өз өнерін көрсетіп қана қойған жоқ. «Мұз айдыны» көпсалалы спорт кешенінің жас тәрбиеленушілеріне шеберлік сабағын өткізді. 
 
Елена Назаренко, мәнерлеп сырғанаудан спорт шебері, жаттықтырушы:
Бізде әлі мұзда коньки тебу мәнері қалыптаспаған. Көпшілік мұзайдынға көбіне көңіл көтеріп, уақытын тиімді өткізуге келеді. Сондықтан, мәнерлеп сырғанау спортын көпшілікке кеңінен насихаттау керек. Осы арқылы біз мәнерлеп сырғанау спортымен кәсіби тұрғыда айналысатын жас жеткіншектерді мұз үстіне көптеп тартатын боламыз. Бүгін жергілікті жасөспірімдердің алдында өнер көрсеткен Элизабет Тұрсынбаева біздің балаларға қайда ұмтылу керектігін көрсетіп берді. 
 
Әрине, мұз үстінде сырғанауды енді ғана үйреніп жүрген жас жеткіншектердің әрбірі Элизабеттей болғысы келетіні анық. Тек ол үшін үлкен еңбек қажет. Сұлу өнердің нағыз шеберінің кеңесі осы.
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу