Есірткі жарнамасына қарсы күрес күшейді
Шымкентте есірткі жарнамасына қарсы күрес күшейтілді. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған «Есірткісіз қала» акциясына 2 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Қатысушылар бір ай бойы қала көшелеріндегі күмәнді жазуларды анықтап, оларды жою жұмыстарын жүргізеді.
Нашақорлықтың алдын алуға бағытталған ауқымды шараға құзырлы орган өкілдері, еріктілер, дәрігерлер мен спортшылар қатысты. Әлемдік ареналарда ел намысын қорғап жүрген спорт саңлақтары жастарды саламатты өмір салтын ұстанып, қоғамның дертіне айналған бұл әдеттен аулақ болуға шақырды.
Біржан Жақыпов, бокстан Әлем чемпионы:
Нәтиже бірден болмайды, спортта да еңбекпен келеді. Сол сияқты тоқтамауымыз керек. Тоқтасақ, одан әрі өршіп кетуі мүмкін. Сол үшін бәріміз шын ниетпен атсалыссақ, бұл нәрседен айырыламыз деген ойдамын.
Ғасыр індетіне айналған кесел бүгінде интернетте кең етек жайған. Алаңдатарлығы - есірткі айналымына кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қатысуы дейді мамандар. Жыл басынан бері 9 жеткіншек қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Арман Бейсенбаев, Шымкент қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:
Бұл жерде ең қиыны есірткі тұтынушы, жасырушы, тасымалдаушы бір-бірін танымайды. Себебі есірткі сауданың барлығы интернет желісінде. Осы есірткі жарнамалары арқасында жұмыс ұсынады. Жастардың барлығы каникулда. Сол себепті алдын алу, сақтап қалу бойынша үлкен іс-шара ұйымдастырып жатырмыз.
Акция барысында қатысушылар бес ауданға бөлініп, қала аумағын аралады. Көшелер мен аулаларда түсіндіру жұмыстарын қатар жүргізді. Нәтижесінде қабырғалардағы екі мыңнан астам есірткі жарнамасы мен интернеттегі сілтемелер жойылды.
Аяулым Шәріпхан, ерікті:
Есірткі жарнамаларын бояу арқылы өшірдік, жастар есірткіге жоламаса екен деген, есірткі індетінен құтылса деген мақсатта жасап жатырмыз.
Айта кетейік, жыл басынан бері 500-ден астам есірткі жарнамалаған интернет ресурс бұғатталып, есірткіге қатысты 200-ден аса қылмыстық іс тіркелген. Мамандар мұндай жүйелі жұмыстар заңсыз айналымға қарсы күресті күшейтіп, қауіптің алдын алуға ықпал ететінін айтады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы