Басты Жаңалықтар 16 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасты

16 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасты

Шымкентте бүгін 16 мыңнан астам түлек үшін соңғы қоңырау соғылды. Шаһардағы барлық мектепте «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаты өтіп, оқу жылы ресми түрде қорытындыланды. Жаңа өмірге қадам басқан өрендер білім ордасымен қимай қоштасты.

Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернатында бүгін соңғы қоңырау үні естіліп, түлектер алтын ұя мектебімен қоштасты. Солардың бірі – үздік аттестат иегері Әмірәлі Арсен. Ол ҰБТ-дан 136 балл жинаған. Болашағын  менеджменттікпен байланыстырмақ.

Әмірәлі Арсен, жас түлек:

11 жыл оқыған мектептен түлек ұшу үлкен мәртебе әрі маңызды сәт. Біздің дарын мектебі нық іргетас қалыптастырды деп айта аламын. Маған қазір ең бастысы жоғарғы оқу орынына сәтті түсу болып отыр.

Биыл шымкенттік оқушылар жоғары нәтиже көрсетті. Республикалық және халықаралық олимпиадаларда топ жарып, 3 алтын, 10 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар 1123 оқушы үздік аттестатқа ие болса, 786 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Салтанатты шараға арнайы қатысқан қала әкімі түлектерді құттықтап, ағалық тілегін білдірді.

Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:

Сіздер елдің болашағысыздар. Ресми әкім ретінде бір, одан бөлек ағаларыңыз ретінде тек жақсылық тілеймін. Өсіп-өніп биіктерден көріне беріңіздер.

Бітіру кештерін мейрамхана мен демалыс орындарында өткізуге биыл рұқсат жоқ. Барлық жиын мектеп аумағында өтеді. Сондай-ақ педагогтерге сыйлық алу үшін ақша жинау мен көлік кортежін ұйымдастыруға да қатаң шектеу қойылған.

Қуаныш Ысқақов, қалалық Білім басқармасының басшысы:

Ресторандарда, ойын-сауық орталықтарында көңіл көтеруге не көшеде кортеж жасап, қаладан шығу-кіру жолдарына 12 блокпост қойылған полиция тарапынан.

Түлектердің жүзінде қуаныш пен қимастық қатар сезілді. Білім ордасымен қоштасу сәті жүректерге ерекше әсер қалдырды. Ұстаздар өз шәкірттеріне ақ жол тілеп, үлкен өмірге шығарып салды. Кеш соңында бітірушілер вальс билеп, мектеп ұжымына алғыс білдірді.

Бөлісу