Басты Жаңалықтар Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесі мұқият зерттеледі

Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесі мұқият зерттеледі

Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет. Жошы ұлысының дәуірлеп тұрған кездегі аумағы 6 миллион шаршы шақырымды алып жатты. Бірақ алып империяның қуаты жер көлемінде емес, мемлекеттік басқару жүйесінің мықты болуында еді. Бүгін халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты жиынға әлемнің 20-дан астам елінен делегация қатысты. Азамат Бейбітұлы тарқатады.

Біз - Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз. Сондықтан Алтын Орданың тарихи рөлін жан-жақты насихаттауға ауқымды жұмыс қажет, деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Алтын Орданың тарихын әлі де тереңінен зерттеу керек екендігі айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеулерге арқау болғаны анық. Дегенмен бұл тақырып әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ, меніңше ешқашан жоғалтпайды. Бұл – ұлт жылнамасы мен әлем тарихы үшін өте маңызды мәселе. Біз халықаралық ғылым қауымдастығымен бірлесе отырып, осы тақырыпты жүйелі әрі жан-жақты зерделеу жұмысын жалғастыруымыз керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің маңызды жобаларына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына алғыс айтып, ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директорын Қожа Ахмет Иассауи орденімен марапаттады. Ал, Одрэ Азуле бүгінгі жиынның мән-маңызына тоқталды.

Одрэ Азуле, ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры:

Астанада өтіп жатқан осы халықаралық симпозиумға қатысып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар мен сарапшылармен бірге дала империяларының, әсіресе Алтын Орданың мұрасы туралы ой бөлісу мен үшін үлкен құрмет әрі зор мәртебе. Қазақстанға, Мәртебелі Президент мырзаға, Алтын Орда арқылы тарихпен байланысты қайта жаңғырту бастамасы үшін алғысымды білдіремін. Бұл бізге тек өткенге оралу емес, сонымен қатар бүгінді қайта ойлауға, мағыналы экономиканы дамытуға, жаңа халықаралық ынтымақтастық түрлерін құруға және болашаққа жақсырақ дайындалуға мүмкіндік береді.

Халықаралық симпозиумға әлемнің түкпір-түкіпірінен беделді әрі танымал ғалымдар келген. Олар да «Алтын Орда жылнамасы – адамзатқа ортақ тарих» екенін айтады.

Гюндогду Абдуллах, Анкара университетінің профессоры:

Қазақ, ноғай, қарақалпақ, өзбек, татар бұлар Алтын орда кезеңінен шыққан түрік халықтары. Алтын Орда мұрасы Қазақстан топырағының мұрасы. Қазақстан тарихының алтын кезеңі.

Президент «Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мәдени коды екенін айтты.  «Әл-Фараби, Ясауи және басқа да әйгілі ойшылдар ілімінің Алтын Орда тұсында одан әрі дами түсуі заңдылық. «Ұлы даланың интеллектуалдық мұрасын табиғи түрде қалыптасқан, біздің өңірге тән идеологиялық субстанция ретінде атасақ, артық болмайды. Сондықтан «Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін және экономикалық құрылымын мұқият зерделеу қажет.

Бүркітбай Аяған, мемлекеттік тарих институты директорының орынбасары:

Әрине, қазір дайындалып жатқан 7 томдық бар. Соның бір томын, үшінші томы осы Алтын Орда, ұлық ұлысқа арналған. Енді осы жоспар, турасын айтсақ, біздің ата тарихымызды, ұлы тарихымызды қалпына келтіру.

Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мерейтой болған кезде біз сонда айтқанбыз, бұл тек осы жылмен шектелмейді, болашақта үлкен жұмыс болады деп, сол жұмыстың міне жалғасы кезекті қадамы деп айтуға болады.

Жошы ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық нарық қалыптастырды. Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керек, деді Президент. Сондай-ақ жаңа Конституцияда Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз екені нақты көрсетілді. Бұл ретте ЮНЕСКО мүшелері де Қазақстанның ұстанымы мен бастамаларын қолдайды.

Лазаре Элоунду Ассомо, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры:

Алдымен, ЮНЕСКО атынан Қазақстан Үкіметіне тамаша ұйымдастыруы, дәстүрлі қонақжайлығы және осы өзекті іс-шараны Астанада өткізу туралы шешімі үшін шынайы алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Қазақстан ұзақ уақыт бойы ЮНЕСКО-ның бағалы әрі белсенді серіктесі болып келеді. Қазақстан әлемге өзінің ерекше мәдени және табиғи алуандығы танытып келеді.Алтын Орда осы құндылықтардың маңызды көрінісі болып табылады.

Президент Ата-бабадан қалған мол мұраны қазіргі заманның құндылықтарымен және озық технологиямен ұштастыру – маңызды екенін айтып, тарихты тартысқа ұластыруға болмайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тарихтан тартыс құралын жасауға болмайды.Тарих халықтардың арасын жалғайтын алтын көпір ретінде әділетті әрі қауіпсіз әлем құруға ықпал етуі қажет. Сол үшін ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, бірлесе әрекет етуіміз қажет. Бұл мәселеде ғылыми қауымдастық айрықша рөл атқаратыны анық. Бүгінгі жиында айтылатын салмақты ойлар мен ұтымды ұсыныстар жаңа ғылыми еңбектерге, халықаралық жобалар мен экспедицияларға негіз болатыны сөзсіз.

Мемлекет басшысы Алтын Орда мұрасына арналған тақырыптық көрмемен танысты. Жаппы, Алтын Орда тарихы бүгін ғана емес, бұған дейін де талқыланып, терең зерттеліп жүр. Тіпті Қазақстан тарихының академиялық жинағында алғаш рет Алтын Ордаға жеке том арналып отыр. Ал, Жаңа Конституцияда мыңдаған жылдарға созылатын тарихы бар Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз екені нақты көрсетілді.


Бөлісу