Басты Жаңалықтар Алғашқы әуе таксиі таныстырылды

Алғашқы әуе таксиі таныстырылды

Қазақстан мен Орталық Азия тарихында алғаш рет электр қуатымен ұшатын әуе таксиі таныстырылды. eVTOL аппаратының демонстрациялық ұшуы Alatau City-де өтті. Мамандардың айтуынша, бұл жоба Қазақстанда жаңа авиациялық индустрияның қалыптасуына жол ашуы мүмкін.

Бүгінде әлемде жаңа көлік жүйесі қарқынды дамып келеді. Соның бір мысалы – Alatau City-де таныстырылған AutoFlight Prosperity аппараты. Әуе көлігі толық электр қуатымен жұмыс істейді. Мысалы, Алматы әуежайынан Медеуге дейін небәрі 10-12 минутта жете алады. Одан бөлек атмосфераға зиянды қалдық шығармайды.

Келлен Си, Autоflight компаниясының аға вице-президенті:

eVTOL технологиясының басты артықшылығы – жоғары жылдамдық пен экологиялық тазалық. Бүгін көрген аппарат толық электр қуатымен жұмыс істейді, шу деңгейі төмен және қысқа қашықтыққа қатынауда өте тиімді. Біз 6 орынға арналған бұл жолаушылар моделіне 5 жолаушы мен 1 ұшқышқа орын қарастырылған. Аппарат сағатына 200 шақырым жылдамдықпен ұша алады және бір рет қуатталғанда 200 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсереді.

Жоба толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде Alatau City-дегі қалалық әуе мобильділігін дамытуға 300 миллион доллар көлемінде қаржы тартылған. Шара аясында 50 eVTOL аппаратын сатып алу жөніндегі меморандумға қол қойды. Болашақта Алматы, Alatau City және туристік аймақтар арасында вертипорттар желісі салынбақ.

Дастан Зайнолда, «Alatau advance air group» компаниясының Астана қаласындағы өкілі:

Бұл жаңа көлік түре болғандықтан бізде мысалы, заңнамамызда ондай терминдер жоқ. Қалай сертификатталуы керек қалай оны қолдану керек бұл апппараттарды әлі жазылмаған. Сондықтан, жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік органдармен бірге және басқа ұйымдармен.

Қазір Қазақстанда осы салаға қажетті құқықтық база да әзірленіп жатыр. Мамандардың сөзінше, Alatau City болашақта Орталық Азиядағы аэротакси технологияларын сынақтан өткізетін ірі орталықтардың біріне айналуы мүмкін. Сарапшылар заманға сай жаңа көлік нарығы 2040 жылға қарай әлемде 1 триллион доллардан асатынын болжайды.


Бөлісу